Азаматтық қоғам мемлекетті қоғам мүддесіне қызмет етуге бағыттайтын күшке ие

Қуаныш Ермекова 10 қыр. 2024 10:27 2864

Азаматтық қоғам мәселесі Қазақстанда ұзақ уақыт бойы қоғамдық-саяси пікірталастарда көтеріліп жүрді. Оған коронавирус, Қаңтар оқиғасы, референдум секілді соңғы ауқымды оқиғалар әсерін тигізді. Яғни, үкіметтік емес сектор адам құқықтары мен еріктілердің белсенділігін едәуір арттырып, басқарушылық шешімдер қабылдау процесіне әсерін күшейтті.

 

Жылдар бойы Қазақстандағы азаматтық қоғам ұғымының тұжырымдамалық түсінігі өте тар болды. Сондықтан, бұған дейін азаматтық қоғам мемлекет тарапынан қаржылық қолдау болған кезде ғана болады және оның тұрақты бақылауында болады деп есептелді. Сол себепті де елімізде азаматтық белсенділік деңгейі төмен саналады, үкіметтік емес ұйымдарға ешкім сенбей, азаматтарды қандайда бір мәселеге жұмылдыру мүмкіндіктері өте төмен болғаны жасырын емес.

Осы тұста тақырыпқа қатысты тағы бір сұрақ туындайды. Азаматтық қоғам мемлекеттік жүйені қоғам мүддесіне қызмет етуге мәжбүр ете алатындай күшті бола ала ма? Бұған қатысты саясаттанушы Руслан Әлімназар пікірін білдірді. Оның ойынша, елде жыл өткен сайын азаматтық қоғамның дамуына көбірек көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, бұл процестің тәуелді сипаты жоқ, оған факторлардың едәуір мөлшері, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік алғышарттар, сондай-ақ халықтың азаматтық белсенділік дәрежесі әсер ететіні анық.

Азаматтық қоғам-саяси үкіметке тәуелсіз жұмыс істейтін, бірақ оған ықпал етуге қабілетті қатынастар жиынтығы. Елдің, өңірдің тұрақты экономикалық дамуы азаматтық қоғамның дамуына тікелей байланысты. Ал оның негізгі мақсаты – халықтың мүддесін қорғап, оны билікке қажетті деңгейде жеткізу. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуының индексі өте төмен. Ал дамыған елдердің бұл көрсеткіші 90 пайыздан жоғары. Оның салдарынан елде жемқорлыққа қатысты мәселелер кеңінен болып жатыр. Дамыған елдерде халық сенімінің жоғары болуына білікті қалыптасқан азаматтық қоғам әсер етеді.

Сарапшының сөзінше, Қазақстанның азаматтық қоғамы Парламенттің жұмысына қолдау көрсетеді. Ал бұл өз кезегінде қоғамның мүддесін көрсететін және оның дамуына ықпал ететін тиімді заңнаманы қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Елімізде азаматтық сектордың көбеюіне келетін болсақ, саясаттанушының сөзінше, бұл шамамен 2000-шы жылдардан басталды, ал бүгінге дейін елде ресми түрде тіркелген және әртүрлі профильдегі 25 мыңға жуық коммерциялық емес ұйымдар, 3,9 мыңнан астам діни бірлестіктер бар.

Осы уақыт ішінде азаматтық қоғам институттарының мемлекеттік органдармен және бизнес субъектілерімен диалог орнату үшін, сондай-ақ өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу процесіне қатысу үшін мүмкіндіктер дәлізін құрды деп айтуымызға болады.

Нәтижесінде мемлекеттік органдар азаматтық сектордың рөлін жан-жақты дамыту және тең құқылы ынтымақтастық үшін кейбір мемлекеттік функцияларды беру арқылы күшейту туралы өз ниеттерін ашық білдірді.

Қазір Қазақстанның қоғамында бейқамдық мен қамқоршылдықтың басымдылығы байқалады. Бейқамдық азаматтардың әртүрлі деңгейдегі қоғамдық өмірге белсенді қатысуын тежейді, олар тұратын жеріндегі әртүрлі мәселелерді бірлесіп шешуден бастап, елді басқару процесіне қатысуға дейінгі дүниелерді қамтитынын ешқашан естен шығармаған абзал. Қамқоршылдық адамдарды мемлекетке және оның органдарына олардың тәуелсіздігін шектеп, олардың өмірінің барлық мәселесі бойынша тәуелді етеді.

Сонымен қатар, заманауи қоғамның оң үрдісі де бар, мысалы халықтың әлеуметтік осал топтары немесе кез келген азамат қиын жағдайларға тап болған кезде жекелеген азаматтар бір-біріне белсенді түрде көмектеседі. Бұл еректілер қатарының көбейгенін көрсетеді.

Мысалы, Қазақстанда COVID-19 пандемиясы тараған кезде еріктілер халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізді, науқастарға күтім жасау бойынша дәрігерлерге көмек көрсетті, зейнеткерлер мен мүгедектерге азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізді.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің деректері бойынша сол жылы еріктілер ұйымдары мүшелерінің саны үш есеге артып, 190 мыңға жуық адамға жетті, ал еріктілер жобаларының саны – 2 мыңға жуықтады.

Алдағы уақытта біздер азаматтық қоғамды қолдайтын институттарды күшейту жолы арқылы азаматтық қоғам институттарының тұрақтылығын қамтамасыз етуіміз керек.

Саясаттанушы Руслан Әлімназар ойынша, азаматтық сектордың тұрақтылығы және мемлекеттік емес институттар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін статистикалық деректерді жүйелеу керек.

– Қазір азаматтық қоғамда болып жатқан процестерді зерттеудің академиялық тәсілдері мен құралдарын дамыту бойынша жүйелі пікірталастар ортасын қалыптастыру үшін коммерциялық емес басқару бойынша білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын енгізген дұрыс. Волонтерлік қызметтің беделін арттыру, волонтерлердің азаматтық сектор жұмысына қатысуын кеңейту, волонтерлердің азаматтық бастамаларға қатысуының қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыру жөніндегі қадамдарды іске асыруға болады, – деген ойын ортаға салды.

Бұл ретте азаматтық қоғамның мемлекеттік және мемлекеттік емес секторларының өзара іс-қимылының заңнамалық негізін жетілдіру қажет. Өз кезегінде азаматтық қоғам мәселелерін жүйелі зерттеп жүрген маман қазақ қоғамын қандай маңызды шараларды жүзеге асыру керектігін алға тартты.

– Мемлекеттік және коммерциялық емес секторлар өкілдерінің мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын және мемлекеттік функцияларды коммерциялық емес секторға беру рәсімдерін әзірлеу жөніндегі бірлескен жұмысын аяқтаған жөн. Бизнес субъектілерін әлеуметтік маңызы бар жобаларға, іс-шараларға қатысуға тарту және демеушілік пен қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру бойынша жағдайларды дамыту керек. Орталық және жергілікті деңгейлерде мемлекет тарапынан коммерциялық емес ұйымдарды қаржылық қолдау жүйелерін жетілдіру және дамытқан дұрыс. Өзінің нысаналы топтары бар азаматтардың әлеуметтік осал топтары бар жобаларды қаржыландырудың ерекше шарттары енгізілсе, оң нәтиже көрсетеді, – деп білікті маман ойын қорытындылады.

Дамыған елдерде мемлекеттік жүйе мен азаматтық қоғам институттары тонның ішкі бауындай бірлесіп жұмыс істейтіні белгілі. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Бұл ретте мемлекеттің еліміздегі еріктілерге барынша қолдау көрсетіп, олардың жұмысын үйлестіретін арнайы заң да қабылдағанын білеміз. Мұндай маңызды іс-шаралар елімізде азаматтық қоғамның дамуына септігін тигізетіні сөзсіз. Бұл бағыттағы жұмыстар елімізде тоқтаусыз жүретіне сенімдіміз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар