Азаматтардың сайлауға қатысуы мемлекеттің тұрақты дамуына ықпал етеді – Ерік Ахметов

Азаматтардың сайлауға қатысуы мемлекеттің тұрақты дамуына ықпал етеді – Ерік Ахметов

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы Ерік Ахметов азаматтардың Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысуы мемлекеттің тұрақты дамуы мен мемлекеттік басқару сапасына тікелей әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Dalanews.

Оның айтуынша, Құрылтай депутаттарының сайлауы заң шығарушы биліктің жаңа бір палаталы парламентке көшуін білдіреді. Сарапшының пікірінше, Құрылтай пропорционалды партиялық жүйе бойынша жасақталып, мемлекеттік шешімдер қабылдау тетігін өзгертеді және саяси партиялардың жауапкершілігін арттырады.

Ерік Ахметов азаматтардың сайлауға белсенді қатысуы Құрылтайдың заңдылығын күшейтіп, реформаларды жүзеге асыруға берік негіз қалыптастыратынын атап өтті.

«Азаматтардың Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысуы мемлекеттің тұрақтылығы мен даму сапасын тікелей айқындайды. Бұл – қоғамның елді басқаруға ықпал ететін негізгі тетігі. Сайлауға қатысу деңгейінің жоғары болуы сайланған Құрылтайдың қоғамдық қолдауын күшейтіп, реформаларды іске асыруға берік мандат береді», – деді ол.

Сарапшының сөзінше, азаматтар дауыс беру арқылы кәсіби әрі беделді өкілдерді таңдайды, бұл өз кезегінде қабылданатын заңдар мен мемлекеттік бағдарламалардың сапасына әсер етеді. Сонымен қатар, сайлауға қатысу азаматтардың ел болашағына деген жауапкершілігін арттырып, олардың өз дауысы мен өмір сапасының арасындағы байланысты тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді.

Ахметов жаңа Құрылтайдың құрылуы заң шығару үдерісінің тиімділігін арттырып, мемлекеттік басқаруды жетілдіретінін де айтты. Оның пікірінше, бір палаталы парламентке көшу бюрократиялық кедергілерді азайтып, заңдарды қабылдау процесін жеделдетуге және атқарушы билікке парламенттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ол жаңа саяси модель мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеретінін жеткізді. Оның айтуынша, «еститін мемлекет» тұжырымдамасы нақты құқықтық тетіктер арқылы іске асып, партиялар мен Құрылтай депутаттары цифрлық қабылдаулар, өңірлік кездесулер және өзге де байланыс арналары арқылы азаматтармен тұрақты жұмыс жүргізеді.

Сөз соңында Ерік Ахметов жаңа Құрылтай жұмысының нәтижесін азаматтар жақын уақытта сезіне бастайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл заңдардың жедел қабылдануына, мемлекеттік органдардың есептілігінің күшеюіне, бюджет қаражатының жұмсалуына бақылаудың ашық болуына және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімінің артуына ықпал етеді.