Айтбек Амангелді Бишімбаевтан 1,5 млрд теңге талап еткен

Көркем Алдабергенова 27 қыр. 2024 16:34 3263

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді экс-министр Қуандық Бишімбаевтан 1,5 млрд теңге моральдық шығын талап еткен, - деп хабарлайды Dalanews.kz Azattyq Rýhy-ке сілтеп.

Сот кабинетіндегі мәліметке сүйенсек, Нүкенованың ағасы материалдық шығынды 8,8 млн теңгеге бағалаған.

«Арыз берген адам қарындасынан айырылған соң өзі де, ата-анасы да қатты қайғырғандарын, сондықтан, денсаулықтары нашарлап, жұмысқа қабілетсіз болғандарын алға тартты. С.Нүкенованың ата-анасы үнемі қайғы-мұңға батып жүреді: осыдан барып, ұйықтамай, денсаулықтары нашарлап, ашу-ызаға беріліп, жандары ауырады. Денсаулықтарына байланысты үнемі емделеді. Арыз жазушы қарындасының өліміне қатысты сот кезінде адвокаттардың жүріп-тұруына, қонақ үйлеріне ақша төлеген. Бишімбаевтан 8 828 070 теңге көлемінде материалдық шығын және 1,5 млрд теңге көлемінде моральдық шығын талап етті», - деп жазылған сот кабинетіндегі құжатта.

Еске салайық, бұған дейін Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында Айтбек Амангелдінің жауапкер Қуандық Бишімбаевтан материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіру туралы талабымен іс қаралды.

«Ағасы қайғылы оқиға салдарынан моральдық азап шеккенін, денсаулығы нашарлағанын және қайғылы оқиғаға байланысты еңбекке қабілеттілігін жоғалтқанын көрсеткен. Марқұмның ата-анасы талап қоюшының пайдасына өндіруден бас тартқан. Талап қоюда қылмыстық іс аясында заң қызметтеріне төлеуге кеткен шығындар да талап етілді. Сот жақын туысының қайтыс болуы талап қоюшының моральдық жағдайына кері әсерін тигізіп, оның жеке мүліктік емес құқықтарын бұзғанын ескере отырып, талапты ішінара қанағаттандырды», – деп жазылған хабарламада.

Жауапкерден қылмыстық іс бойынша келтірілген 6 877 672 теңге материалдық шығын мен 10 миллион теңге моральдық зиян өндірілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар