Аймағамбетов: "Талғардағы трагедия - құқық қорғау органдарында жүйелі реформаларды іске асыруға себеп"

Көркем Алдабергенова 12 қаз. 2024 13:16 6376

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Талғардағы трагедияға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат бұл оқиға тек құқық қорғау органдарына ғана емес, бүкіл қоғамға сын екенін айтады. 

"Талғарда болған қайғылы оқиға жаға ұстатты. Жас жігітті өлтіріп, отбасының үйін өртеп жіберген жауыздық, хайуандық және әділетсіз қылмыс бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл оқиға тек құқық қорғау органдарына ғана емес, бүкіл қоғамға сын. Шерзат Болаттың отбасына қайғырып көңіл айтамын.

Бұл істі тергеуде барынша ашықтық пен әділдік қажет. Кінәлілердің барлығы заң алдында жауапқа тартылып, өз жазасын алуы тиіс. Полиция мен прокуратура ешкімнің жазадан құтылып кетпеуін қамтамасыз етуі керек. Бұл қылмыс құқық қорғау органдарында жүйелі реформаларды іске асыруға себеп болуы қажет. Бұл заңның талабы ғана емес, қоғам алдындағы парызымыз" дейді депутат. 

Аймағамбетов кінәлілерге қарсы зорлық-зомбылық таныту арқылы мәселені шешілмейтінін атап өтті.

"Қақтығысты ушықтырмай, өз наразылығымыз бен позициямызды білдіру кезінде заңды бұзбай, оңтайлы жолды қолданған жөн. Барлық мәселені заң аясында шешуге болады және біздің қоғамда кез келген мәселе солай шешілуі қажет. Бұл қайғылы оқиғаны қасақана түрде жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймын.

Сондықтан қазір арандатуға бой алдырмау, әділ жазаны қамтамасыз ету және құқық қорғау жүйесінде терең, жүйелі реформалар жасау үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды. “Заң және тәртіп” принципі баршаға бірдей жұмыс істеуі керек. Біздің елде заңның үстемдігі тұжырымдамасы жұмыс істейді, демек ешкімнің заңнан жоғары бола алмайтынын, заң алдында бәрі тең екенін түсінуіміз керек. Бұл іс Бас прокурордың бақылауына алынған, ал отбасы полиция қорғауында. Қазіргі уақытта қылмыскерлерді жазалап, құқықтық жүйенің барлық қахарлы күшін көрсету маңызды. Елді дүрліктіруге бағытталған тексерілмеген ақпараттарды таратпайық" дейді депутат. 

Айта кетейік, 12 қазанға қараған түні Талғар трагедиясында қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Бұл туралы әлеуметтік желіде хабарлана бастады. 

Бұл дерекке Полиция департаменті жауап берді. 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы үйлердің бірінде өрт болды.

Полиция бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. 

Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып жатыр, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп жатыр. 

Артынша Шерзат Болаттың отбасын полиция күзететіні белгілі болды. 

Бүгін, 12 қазанда Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.

Кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шаралар қабылданатын болады. Қылмыстық iс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бақылауына алынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар