Депутат Асхат Аймағамбетов Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерілген мәселелерге кеңінен тоқталып, бұл ретте ҚР Парламенті Мәжілісінде қандай заң жобалары қарастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Президент Ұлттық Құрылтайда елдің болашағы, дамуы және Қазақстан мықты бола түсуі үшін дәл қазір қандай қадамдар жасау керектігі туралы ойларымен бөлісті. Ең бастысы – алға жылжу. Экономика, адами капитал, технологиялар, міне осылардың барлығын дамыту керек" деген депутат Facebook-тегі жазбасында кейбір салаларға жекелей тоқталады.
БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ
Мектептерді салу жеткіліксіз, оларды заманауи, қолжетімді әрі ыңғайлы ету керек. Бұл – қалада да, шалғай ауылда да, шекаралас өңірлерде де тұратын әр баланың игілігі үшін жасалатын шаруа. Студенттер мен жас ғалымдарды, технологияларды қолдау – жай шығын емес, болашаққа құйылған инвестиция. Қазір депутаттар "ғылыми қалашықтар" жөніндегі заң жобасымен айналысып жатыр. Бұл – ғылымды белсенді дамытудағы маңызды бетбұрыс болмақ.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫ
Ауруханалар мен оңалту орталықтары халыққа жақын орналасуы тиіс. Емделу үшін адамдар жүздеген шақырымды еңсермеуі керек. Президент осындай олқылықтарды жою бағытында үлкен жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар балалар мен инклюзивті оқыту мәселесіне де назар аударып, арнайы заң әзірлеуді тапсырды. Бұл – жәй ғана көмек емес, бұл әрбір баланың лайықты білім алып, қоғамға бейімделуіне, толыққанды өмір сүруіне жол ашатын бастама. Отбасыларды, әйелдер мен балаларды қолдау, өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдарға көмектесу – жәй айтылған бос сөз емес, нақты шешілуі керек міндеттер.
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БЕЙНЕ
Ұлттық мәдениет – халықтың жаны мен рухани қазынасы. Фильмдер, театрлар мен кітаптар – тек өнер туындылары емес, ұлттың болмысын танытатын құндылықтар. Киноиндустрияны дамыту туралы заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатқаны да осыған дәлел. Бұл жерде тек қаражат бөлу емес, мазмұн мен сапаның жоғары болуын қамтамасыз ету маңызды.
Сондай-ақ, жеке білім беру ұйымдарына қатысты атауларды реттеу мәселесі талқылануда. Заң жобасы бірінші оқылымнан өтті.
Театрлар мен олардың инфрақұрылымын қолдау – маңызды міндет. Мүмкін, бизнес пен демеушілерді тартып, заңнамалық тұрғыдан жүйелі қолдау механизмін жасау қажет болар.
СПОРТ ЖӘНЕ ӨҢІРЛЕРДІ ДАМЫТУ
Балаларға ойын алаңдары, жастарға лайықты спорт орталықтары керек. Чемпион болу – әркімнің арманы, алайда ең бастысы – халықтың денсаулығын нығайту. Өңірлер сөз жүзінде емес, іс жүзінде қарыштауы тиіс. Адамдар өз өзінің туған қаласында, ауылында таңдау болмағандықтан емес, қолайлы жағдайларға жасауға мүмкіндіктер болғандықтан өмір сүруі керек.
БҰДАН ӘРІ НЕ БОЛМАҚ?
Президент – нақты әрекеттерге бет бұру қажеттігін атап өтті. Тарихи мұрамызды қадірлей отырып, өткенге байланып қалмай, болашаққа қарай ұмтылуымыз қажет.
Бүгінде депутаттар ерекше балаларды қолдау, "ғылыми қалашықтарды" құру, киноиндустрия, білім беру мекемелерінің атауларын реттеу, денсаулық сақтау мен мәдениет саласын дамытуға қатысты заңдар мен түзетулерді даярлап жатыр. Театрларды қолдау мен олардың инфрақұрылымын жетілдіру үшін қосымша шаралар қолға алынуы да ықтимал.
Алда үлкен жұмыс күтіп тұр.