Алматыда пилоттық режимде "Сергек" камераларының жаңа функциясы іске қосылды. Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі оның Сәтбаев көшесі бойында Достық даңғылынан Уәлиханов көшесіне дейінгі аралықтың оңтүстік және солтүстік жағында сыналатынын нақтылайды, деп жазады Dalanews.kz.
"Осы территорияда бейнебақылау жүйелері көлік құралдарын тұраққа қою ережесін бұзушылықты, оның ішінде екінші қатарға қою жағдайларын анықтайды", - дейді полициядан.
Алматы қалалық әкімшілік полициясы ҚР Жол қозғалысы ережелерінің 85-тармағына сәйкес, көлік құралын жолдың жүріс бөлігінің шеткі қатарына паралелль қоюға рұқсат етілетінін еске салады.
ҚР ЖҚЕ-нің 87-тармағы 8-бөлігі көлік құралына басқа көлік құралдарының қозғалысын (кіруіне немесе шығуына кедергі келтіретін) шектейтін немесе басқа көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіретін (кептеліс тудыратын) орындарда тоқтауына тыйым салады.
Сондай-ақ, ҚР ӘҚБК-нің 597-бабының 3-тармағына сәйкес, "басқа көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасауға әкеліп соққан көлік құралдарын жол бөлігінде қалдыру немесе тұраққа қою қағидаларын бұзу 10 АЕК (39 мың 320 теңге, жеті күн ішінде төлеген кезде – 5 АЕК – 19 мың 660 теңге) мөлшерінде айыппұлды қарастырады.
Айта кетсек, жуырда елордадағы 2017 жылы іске қосылған "Сергек" жобасының қожайыны ауысатыны белгілі болды. Аталмыш камераларды әзірлеуші қазақстандық "Көркем-Телеком" компаниясымен жасалған келісімшарттың мерзімі 2025 жылдың 13 наурызында аяқталады. Әкімдік келісімді ұзартпау туралы шешім қабылдады. Одан кейін жүйені басқару G42 холдингіне (БАӘ) кіретін Presight халықаралық компаниясына берілетіні хабарланды. Жоба 2025–2030 жылдар аралығына жоспарланған және оған 53 млрд теңге қарастырылған. Жобаның 100% шығынын жеке компания көтереді, ал 60%-ын қазақстандық кәсіпорындар қамтамасыз етеді. Presignt төлемдерді тек жоба іске қосылғаннан кейін ғана алады.
Қазіргі бар камералар бір ай ішінде жаңа серіктеске беріледі.