Алматыда бір күнде жарты айдағы жауын-шашын жауған

Алматыда бір күнде жарты айдағы жауын-шашын жауған
Алматы әкімдігі

Алматыда бір тәулікте айлық жауын-шашын мөлшерінің жартысынан астамы жауды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қалада 10 мамыр сағат 11:00-ден бастап 11 мамыр сағат 20:00-ге дейін 50,4 мм жауын-шашын жауған. Бұл мамырда белгіленген норманың 51 пайызына тең.

Нөсерге байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшіп, су басудың алдын алу және салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады.

Қазір Алматының Құтқару қызметі де тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Олардың қарамағында ассенизаторлық көліктер, 15 мотопомпа бар. Ал Төтенше жағдайлар департаменті 53 арнайы техника мен 240 қызметкер жұмылдырған.

Жалпы қала бойынша бір тәулікте жол саласының 3 мыңнан аса жұмысшысы, 1225 арнайы техникасы жұмысқа тартылған. 

Синоптиктердің болжамынша, 12 мамырда Алматының кей жерлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал 13 мамырдан бастап жауын-шашын тоқтап, күн ала бұлтты болады.