“Айыппұлдар бизнесті бопсалау құралына айналды”. Перуашев кәсіпкерлер құқығын қорғауға шақырды

Қаракөз Амантай 04 жел. 2024 16:00 375

Азат Перуашев “Ақ жол” партиясының қомақты айыппұлдарға қатысты заң жобасын неліктен қолдамайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Ақ жол” фракциясы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерге қарсы дауыс берді. Бұл заң жобасында кәсіпкерлерге салынатын айыппұлдарды бірнеше есе азайтуға қатысты түзетулер ескерілмеген.

Депутат айыппұлдың қомақты мөлшері бизнесті бопсалау құралына айналып кеткенін ашық сынға алды. Оның айтуынша, кәсіпкерлер үшін жазалау шаралары әділ болуы тиіс.

“Біз жұмыс тобында айыппұлдарды 3-5 есе азайтуға ұсыныстар бердік. Өкінішке қарай, бұл бастамалар мемлекеттік органдардың қарсылығына тап болды. Олар бұл айыппұлдардың кәсіпкерлердің бұзушылықтарының алдын алу үшін қажет екенін алға тартты. Бірақ бұл жүйе шын мәнінде бизнесті қыспаққа алып отыр”, – деді Перуашев.

Оның сөзінше, кәсіпкерлер жоғары айыппұлдарды төлеуден гөрі, тексерушілермен келісуге мәжбүр.

“Мәселен, баға белгісіндегі қате үшін 700 мың теңге айыппұл салынса, кәсіпкерлер оны тексерушілерге пара беріп шешуге тырысады. Бұл бақылаушы органдардың бопсалауын күшейтеді”, — деді депутат.

Бұл жағдай заңды бизнес жүргізуге кедергі келтіріп, тұтынушылар үшін де теріс әсер етеді, себебі айыппұлдар тауар бағасына әсер етіп, инфляцияны күшейтеді.

“Сапасыз өнімдер сөрелерде қала береді, ал тексерушілердің басты мақсаты – бизнеске көбірек айыппұл салу. Бұл дұрыс емес. Айыппұл мөлшері бұзушылықтың ауырлығына сай болуы керек”, – деп түйіндеді депутат.

“Ақ жол” партиясы жазалау емес, кәсіпкерлерді ынталандыру арқылы әділ нарықтық экономиканы құру қажеттігін ұсынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар