Аида Балаева: «QAITADAN» – мемлекет қаржысын бес есеге артығымен ақтаған алғашқы фильм

Аида Балаева: «QAITADAN» – мемлекет қаржысын бес есеге артығымен ақтаған алғашқы фильм

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева отандық кинопрокатта рекорд орнатқан «QAITADAN» көркем фильміне қатысты пікір білдіріп, шығармашылық ұжымды шын жүректен құттықтады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

– Үш аптадан бері отандық кинопрокатта көш бастаған «QAITADAN» көркем фильмі 1 млрд теңгеден астам табыс тапқандығымен шығармашылық ұжымды шын жүректен құттықтаймын! Бұл – кино өндірісіне жұмсалған мемлекет қаражатын бес есеге артығымен ақтаған алғашқы жоба, – деді министр.

2023 жылы питчинг жеңімпазы атанған «QAITADAN» – жас режиссер Думан Еркімбектің толықметражды дебюті. Министрдің айтуынша, мұндай креативті, бастамашыл әрі отаншыл жастарды қолдау – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Фильмде отбасы институты дәріптеліп, әлеуметтік жауапкершілік пен адамгершілік қағидаттары көрініс тапқан.

«Әр диалог қоғамға ой тастайды, әр көрініс көрерменнің жүрегіне жақын», – деп атап өтті Аида Балаева.

Қазіргі таңда «QAITADAN» еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілуде. Министр көрермендерді ұлттық киноны қолдауға шақырды.

– Фильмнен жағымды әсер алып, бір толқында болып, бірге ой түйейік. Шынайы еңбектің бағасын беріп, киногерлерімізге дем берейік, – деді ол.

Аида Балаева Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы сөзін де еске салды:

«Біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Кино ұлтты ұйытып, болашақ ұрпақты тәрбиелеуі тиіс».

Министрлік алдағы уақытта ұлттық киноны дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра беретінін мәлімдеді.