Мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген отбасылық жатақхананың құрылысы өткен жылы басталған еді. Араға салған аз уақытта қаланың жас ұстаздары, дәрігерлері мен мәдениет және спорт саласының қызметкерлері жеке баспаналарына қол жеткізді. Айта кету керек, жалдамалы тұрғын үй бес жылға дейін беріледі. Ал құрылысқа жұмсалған 300 млн теңге жергілікті қазынадан бөлінген.
– Жаңа пәтер – бақытты күндердің бастауы. Біздің тамаша еліміз, кең-байтақ жеріміз бар. Осы жылдар қазақ еліне, қазақстандықтарға алтын заман болатын кез. Тарихқа алтын әріппен жазылатын біздің ұлы Президентіміз, тамаша халқымыз бар. Алтын заман туды, осыны білуіміз керек, құрметті жерлестер! Сіздердің бүгінгі қуанышпен шын жүректен құттықтаймын. Бірге бақытты болайық! – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Өз кезегінде жастар атынан сөз алған Әсем Нұрмұхаметова: «Бүгін екі бөлмелі пәтер алып, қуанып жатырмыз. Мұғаліммін. Бірнеше жыл пәтер жалдап тұрдық. Енді, міне, мемлекетіміздің жастарды қолдауға арналған бағдарламасының жемісі көріп отырмыз. Көп рақмет!», – деп, алғысын жеткізді.
Сондай-ақ бұл күні жергілікті әлеуметтік көмек көрсету орталығына облыс әкімі уәде еткен инвакөліктің кілті табыс етілді. Ол үшін жергілікті бюджеттен 10 миллион теңге бөлінген.
Даниал Ахметов Аягөз ауданына жасаған жұмыс сапары барысында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша екі мектептің құрылысымен танысты. Аталған бағдарлама бойынша ауданда биыл бір мектеп қолданысқа берілсе, екіншісі келер жылы оқушыларға есігін айқара ашпақ. Аудан орталығында орналасқан 600 орындыққа шақталған мектеп-лицейдің құрылысы былтыр желтоқсанда басталған. Құны 1 миллиард теңгеден асатын нысанды мердігерлер мерзімінен бұрын өткізгелі отыр. Жаңа мектеп ашылса, қаладағы үш аусымда оқыту мәселесі шешіледі. Бүгінде Аягөзде білім беру мекемелерінде 1800 балаға орын тапшы. Аталған көрсеткішті еселемес үшін көктемде 500 орындық аралас бастауыш мектебі ашылған еді.
– Аягөз – ерекше аудан. Мектеп мұғалімдері тамаша білім көрсеткіштерін көрсетіп отыр. Осы жылы елімізде 8 бала ҰБТ-дан 138 балл алса, оның екеуі Аягөздікі. Басқа аудан-қалалар үлгі алуы керек. Алдағы таңда екі мектеп іске қосылса, аудандағы өзекті мәселе – үш ауысым жағдайын біржақты етеміз. Сондай-ақ «Туған мектеп» жобасы басталғанын атап өткім келеді. Оның аясында өңірдегі барлық мектептерді 3 миллард теңгеге заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Келер жылы Оңтүстік әскерилер қалашығындағы 600 орындық мектеп іске қосылмақ, сонда Аягөзде үш ауысымда оқыту толық жойылады.