Астанада І топтағы мүмкіндігі шектеулі параспортшылардан жүйелі түрде ақша жиналды деген дерек қоғам назарын аудартты. Бұл жағдай бойынша алдымен адвокат мәлімдеме жасап, кейін ресми шағым жолданған. Оқиғаның мән-жайын параспортшының өзі де ашық баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Адвокат мәлімдемесі
Адвокат Дастан Игубаевтың айтуынша, оның қорғауындағы екі паракаратэші, І топтағы мүгедектігі бар спортшылар 2023 жылдан бері жұмыс барысында жүйелі қысымға тап болған.
“Жалақылары шамамен 137 мың теңге болған. Соның 50 мың теңгесін ай сайын түрлі нөмірге аударып отыру талап етілген. Бұл талап орындалмаса, жұмыстан шығару қаупі болған”, - деді адвокат.
Оның сөзінше, спортшылар бұл жағдайға байланысты құқық қорғау органдарына жүгінгенімен, іс әлі күнге дейін қозғалмаған.
“Қаңтар айынан бері қылмыстық іс қозғалмай отыр. Материалдар бір органнан екіншісіне жіберіліп, нақты нәтиже жоқ”, - дейді ол.
Ресми шағым
Адвокаттың атынан жолданған ресми шағымда оқиғаның мән-жайы толық баяндалған. Құжатта көрсетілгендей, спортшылар жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы Астанадағы карате федерациясына жұмысқа орналасқан.
Алайда алғашқы жалақы түскеннен кейін олардан ай сайын 50 мың теңгеден аударып отыру талап етілген.
Шағымға сәйкес, бұл қаражат нақты көрсетілген телефон нөмірлеріне аударылып отырған. Ал бас тартқан жағдайда жұмыстан шығару туралы ескерту жасалған.
Сонымен қатар арыз 2026 жылдың 16 қаңтарында полицияға берілгенімен, ол Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне (ЕРДР) тіркелмеген.
“Бұл процессуалдық шешім заң талаптарына қайшы. Қылмыс белгілері болған жағдайда іс міндетті түрде тіркелуі тиіс”, - делінген шағымда.
Құжатта сондай-ақ ақша қайтарылғанымен, бұл жағдай құқықтық жауапкершілікті жоққа шығармайтыны атап өтілген.
Параспортшының өзі не дейді
Осы арада Dalanews.kz редакциясы да аталған жағдай бойынша параспортшының мәлімдемесіне назар аударды. Ол бұған дейін Sportbugin.kz сайтына сұхбат берген.
Жетес Нұрмағанбетовтың айтуынша, 2021 жылдан бастап паракаратэмен айналысып, кейін федерация арқылы жұмысқа қабылданған.
“Бастапқыда 102 мың теңге алдық, кейін 120 мың теңгеге дейін өсті. Бірақ ай сайын 50 мың теңгені белгілі адамдардың Kaspi нөмірлеріне аударып отырдық”, - дейді ол.
Оның сөзінше, бұл қаражаттың қайда жұмсалатыны алғашында түсіндірілмеген. Кейін “мұқтаж жандарға көмек” ретінде жіберілетіні айтылған.
Алайда уақыт өте келе спортшы бұл талаптарға қарсы шыққан.
“Мен ипотека алғанымды айтып, енді ақша аудара алмайтынымды жеткіздім. Сол кезде маған қысым көрсетіліп, жұмыстан шығаратынын айтты”, — дейді ол.
Сонымен қатар ол құжат жүзінде гардеробшы және программист болып тіркелгенін, бірақ іс жүзінде тек жаттығумен айналысқанын атап өтті.
Ақша қайтару және кешірім сұрау
Спортшының айтуынша, 2026 жылдың қаңтарында e-Өтініш арқылы шағымданғаннан кейін федерация басшысы оның үйіне барып, кешірім сұраған.
“1 млн 150 мың теңгені қолма-қол алып келді. Бірақ мен ол ақшаны алмадым. Кейін ол ақша басқа нөмірлер арқылы менің шотыма аударылды”, — дейді Жетес Нұрмағанбетов.
Ол сондай-ақ өзінен бөлек тағы бірнеше адамнан ақша жиналғанын айтты.
Федерация басшысы айыптауды жоққа шығарды
Бұл жағдайға қатысты федерация өкілі Мейрамгүл Дукуева өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарды.
“Мұның барлығы - жала. Бұған дейін де арыздар болған, бірақ ешқайсысы дәлелденген жоқ. Қаласа, тағы да сотқа жүгінсін”, — деді ол.
Қазіргі таңда бұл іске қатысты құқық қорғау органдары тарапынан ресми қорытынды жарияланған жоқ.
