Жемқорлықпен күрес кланаралық тартыстың құралы ма?
Қазір жемқорлықтың шырмауына шырмалған шенеуніктер шетінен баудай түсіп жатыр. Күні кеше ғана Үкімет басқарған Серік Ахметов те өзін таза ұстай алмағанына көзіміз жетті. Есіңізде болар, осыдан ондаған жылдар бұрын аудан әкімдері мен жергілікті билік өкілдері жемқорлық дертімен істі болса, тосырқап қараушы едік қой. Артынша «Қармаққа шабақтар ілініп, шортандар қашанғы құтылып кете береді» деп шуылдап қоя беретінбіз.
Қазір жемқорды ұстау үшін қармақ емес, ау құратын дәрежеге жеттік. «Шортанын» былай қойып, жемқор «жайындарды» ұстап жатырмыз. Бірақ айылын жиып, аяғын тартқан шенеуніктерді көрмедік. Әйтпесе, Серік Ахметовтің әкім болғаны күні кеше ғана еді ғой. Бұдан нені аңғарамыз? Соңғы уақыттары биліктің айдынындағы жемқорларды ұстау кланаралық тартысқа ұласып кеткендей ме, қалай?..

«Кісісін бір болыстың біреу сабап,
Бар ма еді статьяда көрген жерің?» – деп Біржан салдың өлеңін әндетсе, таңғалмайтын шығармыз.
Қазір кез келген шенеунікті қолынан жетектеп барып сот орындарына апарып тапсырсаңыз, том-том іс қозғауға болатындай...
Иә, бәрінің бала-шағасы бар. Оларды да түсінуге болатын шығар. Тәуелсіздік жылдары ен байлыққа тұмсық тығып, «байқамай» артық асап қойған шенеуніктеріміздің өткен-кеткенін ұмытып, олардың өмір тарихын, қызмет бабын тәпсірлеп жазатын жаңа дәптер арнау қажет сияқты. Егер ескі дәптермен есеп жүргізсек, билік пен ұлттық компанияларда жұмыс істейтін адам қалмауы мүмкін. Иә, бұл ащы да болса шындық.
Енді негізгі әңгімемізге қайта оралсақ. Сонымен Серік Ахметов шартты түрде жаза алып, бостандыққа шығуы мүмкін бе? Мүмкін. Өйткені қазір Секеңнің қолдаушылары Астана қаласындағы көшелердің бірін жауып, жоғарыдағыларға сес көрсетуде. Кезінде Премьер-министр болған адамның соңында сұраушылары болатыны заңды.
Ахметов істі саясиландырмайды
Серік Ахметов Үкімет басшысы болып тағайындалғанда, ақпарат құралдары оның кланаралық топтармен байланысы жоқтығын алға тартып, мақтауын асыра жазды. Иә, Серік Нығметұлы аузын айға білеген апайтөс топтармен ымыраласып, саяси салмағын арттыруға әуестенбеді. Дегенмен биліктің буына мас болған Секең аңдаусызда біреулердің алдын орап, аяғын басып кетуі мүмкін.
Егер жағдай осылай болса, Секеңнің жазық жерде сүрінгенін аңғару қиын емес. Болар іс болды. Енді өткенді қайтара алмайсың. Ендігі жерде Серік Ахметов тар қапастан босанып шығудың жолын іздейтіні ақиқат. Сот шешімі шығып, айыпты 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шыққаннан кейін Серік Ахметов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрап, хат та жазды. Өкінішке орай, Серік Нығметұлына Ақордадан көңіл қуантатындай жауап бола қойған жоқ. Енді оның шашбауын көтерушілер көшеге шығып, бұл істі саясиландыруға күш салып жатқандай.

Қазіргі таңда жемқорлықпен істі болған шенеуніктер мен кәсіпкерлер айыбын бетіне басқанда істі саясиландырып, өздерін жапа шегуші ретінде көрсетуге әуес. Әзірше Серік Ахметовтің жақтастары істі саясиландырған жоқ. Әрине істі саясиландыру – соңғы әрекет. Бірақ Ахметов мұндай қадамға бармасы анық. Егер оның мұндай ойы болса, шетелге қашып қарасын батырушы еді. Сондықтан билікпен ымыраға келуге күш салады.
Қазіргі таңда жемқорлыққа шатылып, қызметінен айырылған атқамінерлер билікке наразы топтың қарасын көбейтіп жатқаны жасырын емес. Мұндай жандардың көбеюі биліктің өзіне де пайдалы емес. Сондықтан жемқорлық бойынша істі болған біраз шенеуніктер ақталып, болмаса шартты түрде жаза алып бостандыққа шығуы ықтимал.
Талғат та ақталуы мүмкін

Лондон олимпиадасында Қазақстан спортшыларының жарқырай көрінуіне жол ашқан Талғат мырза өзінің саяси карьерасын жақсы-ақ бастап еді. Бірақ ЭКСПО-ға келгенде сүрінді. Айтулы шараға қыруар қаржы бөлгеннен кейін еліміздегі сен тұр мен атайын деген мықтылар май шелпектен үлес алу үшін Талғат Ермегияевке салмақ салып, соңында оны мұзға отырғызып тынды. Осылайша ол өзінің саяси харизмасы қалыптаспағандықтан, ықпалды топтың құрбаны болды десек, артық айтқандық болмас еді. Ол енді бостандыққа шыққанымен биліктің бишігінде баяғыдай жарқырай алмасы анық. Сондықтан Талғат Амангелдіұлын саяси жарақат алып алаңнан шығу мүмкіндігінен айырылған фотболшыға теңеуге болады.
Жәкішев те үмітті

Азуы алты қарыс Ресей компанияларына қарсы тұрып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққанын бәріміз білеміз. Сондықтан биліктің Жәкішевке тағы бір мүмкіндік беруі орынды болар еді.
Бірақ кезінде Мұхтар Әблязовтың іс-әрекетіне кепіл болған Жәкішевке биліктің іші жыли қоймасы анық. Мұны ерте бастан сезген Е.Жовтис бұл іске әлемдік қауымдастықтың назарын аударып, оңды нәтижеге қол жеткізуді көксеуі орынды.
Жалпы, сайлаудан кейін билік трансформациялауға алғашқы қадам жасалынуы мүмкін. Мұндай кезде шалт қимыл мен қатқыл шешімге орын жоқ . Енді бас бостандығын алуға аңсары ауған біраз шенеуніктер жоғарыға кешірім хаттарын жазуы мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта басына бостандық сұрап хат жазушылар көбейіп жатса, таңғалудың жөні жоқ.
Айтпақшы...
Күні кеше ғана Қарағанды облыстық соты апелляциялық алқасының төрағасы Рашид Нұрмағамбетов өз шешімін оқыды.
Сонымен сот Серік Ахметовтың жазасын 10 жылдан 8 жылға, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің жазасын 5 жылдан 3 жылға қысқарту туралы қаулы қабылдады. Сондай-ақ, Бауыржан Әбдішевтің орынбасары болған Ғабит Мұхамбетовтың, Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғариннің, «Сарыарқа» ӘКК бұрынғы департамент басшысы Ерлан Қисықовтың жазасынан мүлкін тәркілеу туралы талап алынып тасталды. «ҚазАгро» АҚ бұрынғы басшысы Дулат Айтжанов пен Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Ғабит Мұхамбетовтың жазасы шартты мерзімге ауыстырылды.
Нұрлан ӘУБӘКІР