Батыс Қазақстан облысының тұрғыны автокөлігін автосалон арқылы сату кезінде келісімшарт талаптарының өрескел бұзылуына тап болды, деп хабарлайды Dala News.
Азамат 2 ақпанда автосалонмен үшжақты келісімшарт жасасқан. Құжат бойынша салон көлікті үшінші тұлғаға сатып, 10 жұмыс күні ішінде 4,8 млн теңгені иесіне аударуы тиіс болған. Жалпы мәміле құны – 5,15 млн теңге, оның 350 мың теңгесі автосалонның сыйақысы ретінде қарастырылған.
Көлік сол күні сатып алушыға берілгенімен, 13 ақпанға дейін ақша түспеген. Кейін де салон қызметкерлері түрлі сылтаулар айтып, төлемді кешіктіре берген.
17 ақпанда азамат Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгініп, досудебная шағым дайындаған. Алайда автосалон қызметкерлері шағымды қабылдаудан бас тартқан.
Тек өтініш «Қазпошта» арқылы жіберілгеннен кейін ғана, сол күні кешке қаражат толық көлемде клиенттің шотына түскен.
Осылайша, автосалон келісімшарт талаптарын бұзып қана қоймай, клиенттің заңды талаптарын елемеген.
Бұл жағдай мамандардың айтуынша, өз құқығын білудің және оны талап етудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
