Алматы облысындағы Ават ауылының тұрғындары экологиялық жағдайға байланысты қайтадан дабыл қағуда. Ауыл халқының айтуынша, елді мекендегі өмір сүру жағдайы жылдан-жылға қиындап барады: бір жағынан карьерден көтерілетін шаң маза бермесе, екінші жағынан қоқыс полигондарынан тарайтын түтін мен жағымсыз иіс тұрғындарды әбден титықтатқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, мәселе әсіресе жаз мезгілінде ушыға түседі. Күн ыстықта үйлердің терезесін ашудың өзі қиынға соғады. Өйткені кей кездері қоқыс қалдықтары жанып, түтін мен қолқаны қабатын иіс бүкіл ауылды басып қалады.
Бұл жағдайдың бүгін ғана пайда болмағаны да айтылып отыр. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, бірнеше жыл бұрын-ақ Ават тұрғындары ауыл маңындағы қоқыс полигондарын жабуды талап етіп, жиі болатын өрттер мен түтінге қатысты шағымдарын жария түрде жеткізген.
Сондай-ақ ресми экологиялық құжаттарда ауылдың батыс бөлігінде орналасқан «Ават» кен орнындағы құм-қиыршық тас өндіретін карьердің жұмысы көрсетілген.
Осыған байланысты тұрғындар бірнеше маңызды сұрақ көтеруде: неге жылдар бойы айтылып келе жатқан мәселе әлі күнге дейін толық шешілмеген? Ауа сапасын кім бақылайды? Полигондар мен карьерлердің экологиялық талаптарды сақтауын қандай органдар қадағалайды? Егер қоқыс заңсыз өртелсе, оған кім жауап береді?
Тұрғындар Алматы облысының әкімдігіне, Экология департаментіне және табиғатты қорғау прокуратурасына нақты шаралар қабылдауды сұрайды. Олардың пікірінше, ауаға тарайтын ластаушы көздерді анықтап, арнайы тексеріс жүргізіп, ауа сапасына өлшеулер жасалып, полигондар мен карьерлердің қызметі экологиялық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексерілуі қажет. Сонымен қатар тексеру нәтижелері халыққа ашық жариялануы тиіс.
Ауыл тұрғындары Мемлекет басшысынан да өңірдегі экологиялық ахуалға назар аударуды сұрайды. Олардың айтуынша, халық карьер шаңы мен қоқыс түтінінің ортасында өмір сүруге мәжбүр болмауы керек.
ТЖД не дейді?
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, Талғар ауданындағы Ақтас ауылы маңында орналасқан карьер аумағында қоқыс өртенген.
«Өрт толықтай сөндірілді. Оқиға орнында ТЖД күштері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және аумақ иесінің өкілдері жұмыс істеді. Зардап шеккендер жоқ. Анықталған заңбұзушылық фактісі бойынша жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ ТЖД тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертті.