Жезқазған мыс балқыту зауыты — «Қазақмыс» Тобының негізгі металлургиялық кәсіпорындарының бірі. 2026 жылы компания кәсіпорынның күрделі жөндеу жұмыстарына, техникалық қайта жарақтандыруға, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және жабдықтардың сенімділігін арттыруға 25,2 млрд теңгеден астам инвестиция бағыттады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңғыртудың кешенді бағдарламасы негізгі өндірістік цехтарды, энергетикалық шаруашылықты, инфрақұрылым нысандарын және әлеуметтік-тұрмыстық объектілерді қамтиды. Бағдарламаның негізгі мақсаты — зауыттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру, технологиялық процестердің тиімділігін жақсарту және өндірістің экологиялық көрсеткіштерін көтеру болып табылады.

Инвестициялардың негізгі бөлігі — 15,9 млрд теңге — негізгі металлургиялық жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізуге бағытталды. Балқыту цехында №2 руднотермиялық пешке, №1–3 анод пештеріне және конвертер блогына (№1–4 конвертерлер) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар технологиялық процестің сенімділігін арттырып, жабдықтардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
Тағы 3,6 млрд теңге технологиялық жабдықтарды жаңартуға бағытталды. Мыс электролизі цехында 234 полимербетон ваннасы орнатылуда, ТНДП-10000/10 күштік трансформаторы ауыстырылып, №39 жаңа көпірлі кран монтаждалуда. Балқыту цехында №1 карусельді құю машинасын, ал жылу-энергиямен қамтамасыз ету цехында Н-900 турбонагнетателін ауыстыру жоспарланған.
Өндірістік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытқа 4,4 млрд теңге бағытталды. Бағдарлама аясында №1 градирняға күрделі жөндеу жүргізіліп, мыс электролизі цехының шатыр жабыны ауыстырылуда, сондай-ақ конвертер бөлімшесінің шатыры қалпына келтірілуде. Сонымен қатар балқыту цехының әкімшілік-тұрмыстық кешеніндегі душ бөлмелеріне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Бұл жұмыстар қызметкерлердің тұрмыстық жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жыл соңына дейін компания шихтаны дайындау цехының жабдықтарына күрделі жөндеу жүргізуге және кран жабдықтарына қауіпсіз қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған алаң құруға қосымша 1,4 млрд теңге бағыттайды.
Жезқазған мыс балқыту зауытын кешенді жаңғырту «Қазақмыс» компаниясыныңметаллургиялық кәсіпорындарын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Іске асырылып жатқан жобалар өндірістік процестердің сенімділігін, жабдықтардың тиімділігін және өндірістің экологиялық тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.