Аумақтық қорғаныс не үшін қажет? Министрлік сақтық шарасын түсіндірді

Қаракөз Амантай 05 мау. 2025 13:24

Қазақстанда аумақтық қорғаныс жөніндегі заңға енгізіліп жатқан өзгерістер — кездейсоқ қадам емес. Бұл — қазіргі халықаралық жағдай ескеріліп, алдын ала қабылданып отырған саналы әрі сақтық шарасы. Бұл туралы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, мұндай маңызды шешімдерді кейінге қалдыру — қателік болар еді.

“Бұл заңды он жылдан кейін қабылдағанымызды қалар ма едіңіздер? Әлде кеше қабылдауымыз керек пе еді? Кешегі күн өтті, ал он жылдан кейін не боларын ешкім білмейді — ол кезде мүлдем басқа жағдай қалыптасуы мүмкін”, — деді Қамалетдинов.

Оның сөзінше, қорғаныс саясатының даму бағыты жаһандық және өңірлік геосаяси жағдайдың терең сараптамасына негізделіп отыр.

“Болашақты болжау қиын. Барлық нысанды Қарулы күштердің күзетіне қою мүмкін емес. Егер азамат: “Мен үйімді, наубайханамды қорғаймын” десе — бұл құптарлық әрекет. Біз неге бұған тосқауыл қоюымыз керек?” — деп түсіндірді Қорғаныс министрлігі өкілі.

Айта кетейік, бүгін Сенат екі оқылымда аумақтық қорғаныс мәселелеріне қатысты заңға өзгерістер енгізуді мақұлдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар