Ауыр дерттен көз жұмған бала өлімінен «сенсация» жасау әдетке айналды

Dalanews 20 мам. 2020 15:58 940

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!


Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері көп сала дамыды, көптеген қоғамдық-саяси қызметтер мен қызметкерлер пайда болды. Соның бірі – ҚР балалар омбудсмені. 2002 жылдан бастап, Сіз ҚР Сыртқы істер министрі болған уақытта, елімізде адам құқықтарын қорғайтын осы қоғамдық-саяси қызметтің болуы туралы айттыңыз. Женевада өткен 58 сессияның отырысында, омбудсмен қызметі Қазақстанда да болуы керек екені жайында ресми мәлімдеме жасадыңыз.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің халық үніне құлақ асатын мемлекеттік жүйе құрудағы бастамаңызда алға тарта отырып, осы Ашық хатпен жіті танысып, жауабын беруіңізді сұраймын.

Қазақстанда адам құқықтары қорғалуы, оның ішінде бала құқықтарының қорғалуы өте маңызды. Бұл – Қазақстандағы өзекті тақырыптардың бірі. Елімізде балалар омбудсмені тәуелсіз қызмет атқарады, ешкімге есеп бермейді және оның қызметіне тек жазылған наразылықтар бойынша мемлекеттік органдарға, мекемелерге, келіп түскен наразылық бойынша ұсыныс айту, қарау, орын алған олқылықтарды жеткізуші деңгейінде ғана болып тұр.

Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында орналасқан балаларға арналған арнайы мекемеге соңғы жылдары балалар омбудсмені Аружан Саинның шүйлігуінің орынсыз екенін айтқымыз келеді. Арнайы мекемелерде күтімде болған, ауыр диагнозбен өмірге келген балалардың қайтыс болуы табиғи заңдылық.

Соңғы қазаны еліміздегі ТЖ жағдайымен байланыстырудың жөні жоқ. Бұл қазаны БАҚ өкілдерінің барынша «сенсация» жасап, бүкіл елге жар салуы да орынсыз. Осындай іс-әрекеттердің салдарынан қайтыс болған балалардың құқықтары аяққа тапталуда.


Мұндай балалар төсекке өмір бойына таңылған. Соңғы минуттарын дәрімен жеңілдетіп, өмірден өткен балалардың өмірінің соңғы минутын өткізіп жатыр деп айта аламыз. Өйткені, өмір бойы ауыр диагнозбен жатқан балалардың жан тапсырар алдында қалыпты тамақтанып, кенеттен қайтыс болады.

Мен дәрігер емеспін, бірақ бұл Аягөзде арнайы мекемедегі балаларды өз көзіммен көріп қайтқаннан кейін жазып отырмын. Қанша жанымыз, жүрегіміз әділдікті аңсап, тексеруді қалап тұрса да дәл осы жағдайда балалардың өлімімен ұпай жинау, нағыз балалар омбудсмені айналысатын іс емес екенін айтқым келеді.

1995 жылы адам құқықтары жөнінде Женевада өткен БҰҰ семинарға, алғашқы рет елімізден ресми өкілдер қатысты. Елімізге бұл қызмет қажет екені анық. Алдағы уақытта бұл қызметтің мәні мен мазмұнын халыққа толыққанды ұғындырудың маңызы зор.

Өкінішке орай, кейбіреулер дәм-тұзы таусылып, туралап келген дерттен көз жұмған балалардың қазасынан өзінің танымалдығын арттыруға пайдаланып жүр.

Рухани және моральдық тұрғыдан балалардың құқығын тірі кездерінде ғана емес, қайтыс болғаннан кейін де сақталуы тиіс.

Аягөздегі бала өлімін Аружан Саин эмоцияға салынып, БАҚ өкілдерін пайдаланып барынша сұмдық жағдай етіп көрсетіп жатыр. Осындай эмоцияға толы ой-пікірлердің кесірінен халық арасында дұрыс пікір қалыптаспауда. Осының нәтижесінде мемлекетке сенбеу, тырнақ астынан кір іздеу әдетке айналды.

Сол себепті Аягөзде арнайы мекемеде тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайы, соларға бола туындаған қоғамдағы қате пікірге өз ұстанымды білдіруді жөн санадым.

Қолмен ұстап, көзбен көргеннен кейін. Арнайы мекемеде ауыр диагнозбен дүниеге келген, ауырып қайтыс болған әрбір бала үшін омбудсмен қоғамда осындай резонанс жасап, дау-шардың шоғын үрлей берсе жылдар бойы айтысудан қолымыз босамауы мүмкін.   


ОҚО-да орын алған әке мен қызының жағдайын еске алыңыз. Аружан Саин баланың еміне көмектесемін деп, толық тексеруді талап етіп, ақыр соңында қыз баланың емі бірнеше айға созылып, екі ай әкесін тергеліп, отбасының ойранын шығарды. Бұған не деуге болады? Ол осылай әрбір іске май құя берсе, Қазақстанда балалар омбудсмені деген қоғамдық-саяси қызметтің қадірі кететіні анық.

Сондықтан, бірінші кезекте арнайы мекемелерде ауыр диагнозбен ауырып жатқан балаларды өмірлерінің соңында мазасын алмай, тағыдырға мойынсұнып, оларды сабырмен мәңгілік сапарға шығарып салуды үйренуміз керек.

Қоғамға қаза туралы жеткізсек те, тек халықтың жұбанышы мен жақсы сөздерін есту үшін, жанашырлық көңіл-күйдің басым болғанын қалар едім. Арнайы мекемедегі, балалар жарық дүниеден дау-шарды естімей алаңсыз аттануға құқылы емес пе?

Балалар омбудсмені Аружан Саин өзі осындай балалар жайлы, қаза жайлы хабар алса, қоғамда резонанс тудырмай, өзі ресми мәлімдеме жасап, бірінші кезекте балалардың қазасына бола халыққа көңіл айтып, содан кейін барып тексеруді талап етіп, ұсыныс айтуы керек деп есептеймін.

Ол өзіне берілген ресми жауаптарға сенбесе, қолындағы дәлелін тиісті орындарға көрсетуі керек. Өйткені, Аягөздегі арнайы мекемеде зорлау фактісі іс қозғалып, зорлық көрсетуге қатысты нақты дәлел болмаған соң, іс жабылды. Жалған ақпарат расталмады. ҚР Бас прокуратурасы өз шешімін айтты.

Ал балалар омбудсмені болса, құзырлы орындардың жауабына сенімсіздік білдіруде. Енді төрт баланың өлімі айтып, шу көтеріп жатыр. Аружан Саинның осы іс-әрекетінен басты мақсаты тек – кінәлілерді табу ғана сияқты. Ол Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғағысы келсе, басқа да әлеуметтік секторларда өз ойын білдіру керек. Ол өз позициясын айтып, қоғамдық өмірімізде қалыптасқан жайттарды қалай шешуге болатыны жыйлы ұсыныстарын алға тартпай ма?

Арнайы балаларға арналған саяжайлар қайда? Арнайы балаларға қарайтын мекемелерде нені өзгерту керек? Қандай реформалар жасалуы керек? Неше айдан бері шешімін таппай тұрған «Тұрғын үй жинақ банкі» мен ҚР Еңбек министрлігінің арасында болып жатқан ұсыныстарға қатысты өз ойын, өз пікірін білдірмей ме?


Бұл жерде де мүгедек балалар мәселесін қозғап отырмыз. Аз жарнамен «Бақытты отбасы» бағдарламасымен мүгедек бала тәрбиесінде отырған отбасыларды өткізу, олардың ай сайынғы алып отырған жәрдемақыларын кіріс көзі деп көрсету сынды маңызды мәселелер бар. Осы мәселені шешуге неге ат салыспайды?

Аружан Саин «Балалар үйін» толықтай жойып, жетімдер үйіндегі балаларды түрлі отбасыларға үлестіріп беруді көздейді. Бұған біздің қоғам дайын ба? Бала асырап алушылар дені сау, аяқ-қолы балғадай балаларды асыруға алуға ұмтылады ғой? Мұны  Аружан неге түсінбейді?

Ал айықпас дертке шалдыққан балаларды асырап алатын жандарды іздеу тіпті қиын. Арнайы мекемеде соңғы күндерін өткізіп, төсекке таңылған балаларды кім асырап алғысы келеді? Бұл ащы болса да шындық.

Қанша жоғары мінбеден ақылгөйсіп сөйлесекте, жоғары идеологияны алдыға тартсақ та, қоғамда мың жерден белсенді болып жүрсек те, дәл осындай ауыр жағдайда жатқан балалардың соңғы сәттерінде, қолдарынан ұстап, тиісті бақылау жасап, көз ілмей қарайтын жандарды табу мүмкін емес. Ауыр науқасқа шалдыққан балаға қарайтын ешкімнің білігі жоқ екенін неге түсінбейміз!

Қасым-Жомарт Кемелұлы, жоғарыда жазылған жайттарды ескере отырып, елімізде балалар құқығын қорғаушы омбудсмен Аружан Саинды қоғамдық-саяси қызметін босатуыңызды сұраймыз.

Норвегия, Женева, Эстония сияқты дамыған елдердегі балалар омбудсмені деген қызмет түрі де дамыған. Жылдар бойы нақышталып, руханиланып, жоғары моральды бағаға ие болған. Қазақстанда балалар омбудсмені, қоғамдық-саяси қызмет рухани тұрғыдан да кемелдене түсуге лайықты.

Жұлдыз АҚТАНЖАНОВА, «Ақжүніс» Аналар қоғамының Шығыс Қазақстан облысы бойынша жауапты жетекшісі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар