Үкімет мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Құжат қағаз жүзіндегі бағдарлама емес, ауылдағы нақты ахуалды өзгертуге бағытталған. Негізгі мақсат – мал басын көбейту, өнімділікті арттыру, экспортты ұлғайту және ауылдағы еңбектің қадірін көтеру.
Қазір мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 39% құрайды. Бірақ соңғы жылдары өсім баяу, жылына 2–3% деңгейінде қалып отыр. Бұл саланың әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан Үкімет түбегейлі өзгерістерге баруды жөн көрді.
Жоспарға сәйкес, алдағы бес жылда ірі қара саны 7,9 млн-нан 12 млн басқа дейін, ұсақ мал 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін ұлғаяды. Ет өндірісі 1,2 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін өседі. Экспорт екі есе артып, 165 мың тоннаға жетуі тиіс.
Бұл көрсеткіштерге қалай жетпек
Негізгі тетік – қаржыға қолжетімділік. Мал өсіру үшін ең әуелі табынды жаңарту қажет. Осы мақсатта асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6% жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылады. Оған жыл сайын шамамен 300 млрд теңге қажет болады. Бұл генетикалық әлеуетті арттырып, өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Шалғайдағы шаруашылықтарға да ерекше назар аударылады. Жайылым инфрақұрылымын дамыту үшін жылдық мөлшерлемесі 6% болатын бірыңғай жеңілдетілген несие қарастырылған. Бұған қоса, мал азығын дайындайтын техника мен жабдықты сатып алуға 5% мөлшерлемемен 50 млрд теңге бөлінеді.
Тағы бір маңызды бағыт – айналым қаражатын толықтыру. Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін 225 млрд теңге көлемінде 5% жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылады. Қаржының қолжетімді болуы үшін «Даму» қоры арқылы кепілдік беру тетігі пайдаланылады.
Бұл шаралар ұсақ және орта шаруашылықтарға нақты демеу болады. Өйткені ауылдағы негізгі ауыртпалықты дәл осы санаттағы шаруалар көтеріп отыр.
Ауыл адамы назардан тыс қалмайды
Кешенді жоспарда тек өндіріс емес, адам факторына да басымдық берілген. Шопандар мен бақташылардың әлеуметтік жағдайы қарастырылған. 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлем алу мүмкіндігі енгізіледі. Ауыл мамандарына тұрғын үй салу мәселесі де жоспарға енгізілген.
Бұл шешімдер кадр тапшылығын азайтып, жастарды ауылда қалдыруға ықпал етуі тиіс. Қазір мал шаруашылығындағы басты проблема еңбектің ауырлығы мен әлеуметтік кепілдіктің әлсіздігі екені жасырын емес.
Экспорт пен қауіпсіздік
Жоспар экспортты ұлғайтумен қатар, ветеринариялық қауіпсіздікке ерекше мән береді. Себебі сыртқы нарыққа шығудың басты шарты осы. Ветеринариялық нысандар жаңғыртылып, сауда орындарында күнделікті бақылау күшейтіледі. Мал иелерінің жауапкершілігін арттыру тетіктері де пысықталуда.
Сонымен қатар өндіріс пен өнім айналымының барлық кезеңінде ашықтық қамтамасыз етілуі тиіс. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының деректері цифрлық платформаларға біріктіріліп, бірыңғай есеп көзіне айналады.
Жер мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Премьер-министр пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару тапсырмасының орындалуын қатаң бақылауды тапсырды. Қазірдің өзінде бірқатар өңірде жүздеген шаруашылық тексеріліп жатыр. Мақсатсыз пайдаланылған жерлер мемлекетке қайтарылады.
Бектенов не деді
Премьер-министр Олжас Бектенов жоспардың түпкі мақсаты ауылдағы нақты өзгеріс болуы тиіс екенін атап өтті.
Оның айтуынша, кешенді жоспардың шаралары ішкі нарықты отандық өніммен жүйелі түрде қамтуға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге тиіс.
«Қайта өңдеуді дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту қажет. Өндіріс пен өнім айналымының барлық кезеңдерінің ашықтығы қамтамасыз етілуі керек. Ауыл шаруашылығы санағының нәтижелері цифрлық платформаларға біріктіріліп, бірыңғай есеп көзі ретінде пайдаланылуы тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Оның сөзінше, бұл жоспар шаруаларға нақты қолдау беріп, ауыл экономикасын жаңа деңгейге шығаруы керек.
Мал шаруашылығын дамытудың бұл жоспары – ауылға нақты серпін беруді көздейтін жүйелі қадам. Ол қағаздағы стратегия емес, ауылдағы тіршілікті өзгертуге бағытталған нақты бағдар.
