Бүгінгі үкімет отырысында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлердегі дәрігер тапшылығы мен әлеуметтік қолдау жайына ерекше тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, ауылдық елдімекендерге жұмысқа баратын медицина қызметкерлеріне «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында бірқатар әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру үшін оларға ұсынылатын кепілдіктер мен ынталандыру төлемдерінің көлемі де ұлғайған. Мәселен, 2024 жылдан бастап ауылдық жерлерге барып жұмыс істейтін тапшы мамандық иелеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни шамамен 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем қарастырылған. Алайда министр кейбір өңірлер бұл төлемдерді беру бойынша әлі нақты шешім қабылдамағанын атап өтті.
Сонымен қатар, министр ел бойынша салынып жатқан медицина нысандарына да тоқталды. Биыл жылдың соңына дейін 188 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Эталондық жобаларды қайта қолдану нәтижесінде жоба кезеңінде 2 млрд теңге, ал құрылыс кезінде 14,5 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделген. Құрылыста қолданылған материалдардың 71 пайызы отандық өнімдерден құралған.
Аталған нысандар іске қосылған соң, оларда 143 медицина қызметкері – 22 дәрігер мен 121 орта буын маманы – жұмысқа орналасады деп күтілуде. Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне ауылға жаңадан келетін дәрігерлерді тарту және ұстап қалу үшін алдын ала тиісті шараларды қолға алу тапсырылды.
Жалпы алғанда, барлық 655 нысан пайдалануға берілген кезде, шамамен 1 миллион ауыл тұрғыны алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтылатын болады.