Жетісу облысында дәрігер тапшылығы мәселесін шешу мақсатында өткен жылдан бастап республика бойынша алғаш рет өңірде дәрігерлерге көтерме ақы төлене бастады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыстағы кадр тапшылығы 20,3%-ға қысқарды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан аталмыш бағдарламаның аясында жергілікті бюджет есебінен ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген дәрігерлерге 10 млн. теңгеден, ал қалаға келгендерге 5 млн. теңге көлемінде көтерме ақы төленеді. Ол үшін алдымен үш айлық сынақ мерзімінен сәтті өту керек. Бұдан әрі дәрігер сол өңірдегі медицина мекемесінде кемінде бес жыл жұмыс істеуі тиіс.
Бағдарлама басталғалы бері 110 дәрігерге көтерме ақы төленді. Олардың қатарында Аксу аудандық орталық ауруханасында жұмыс істейтін дәрігерлер отбасы Қайрат Қоңырбаев пен Кәмшат Жанғабаева да бар.
– Өзім кардиологпын, ал зайыбым – акушер-гинеколог. Екеуіміздің медицина саласындағы жалпы еңбек өтіліміз – 18 жыл. Отбасы ретінде 20 млн. теңге көлемінде көтерме ақы алдық, соның арқасында баспаналы болдық. Бұл – жас мамандар үшін де, халық үшін де өте пайдалы бағдарлама. Себебі осындай қолдаудың арқасында өңірдің ауылдарына жұмыс істеуге керекті мамандар келуде, – деді Қ. Қоңырбаев.
Бүгін өңірде өткен Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шарада аймаққа жұмыс істеуге келген мамандармен әңгімелескен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев:
- Облыс әкімдігі өз тарапынан заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіп, ауруханалар мен емханалар салуға көп көңіл бөліп келеді. Бұл ретте тек қалаларда ғана емес, бірінші кезекте ауылдық жерлерге ерекше назар аударып отырмыз. Дегенмен көп нәрсе дәрігерлердің, жалпы медицина қызметкерлерінің біліктілігіне байланысты. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, ерте диагностикалау мен дұрыс диагноз қоюға ерекше көңіл бөліп, сапалы ем жүргізу керек. Бұл ретте өз ісіне адал, үнемі біліктілігін арттырып отыратын, жауапкершілігі бар мамандардың рөлі елеулі. Өйткені медицина - жай бір қатардағы жұмыс емес, адам өз өмірі мен денсаулығын сеніп тапсыратын аса жауапты кәсіп. Сондықтан сіздердің еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін - деді Б. Исабаев.
Атап өтсек, өңірде медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бұл бағытта Түркия, Оңтүстік Корея сынды шет мемлекеттердің мамандарымен тәжірибе алмасу және тағылымдамадан өту қарастырылған. Сонымен қатар сұранысқа ие бейінді медицина мамандарын даярлау мақсатында 2024 жылы 45 маман резидентурада жіберіліп, оқып жатыр.
Сондай-ақ биыл 18 медицина маманы жұмысқа келген Көксу ауданында облыс әкімінің тапсырмасымен медицина қызметкерлеріне арнап 20 пәтерлік бес қабатты тұрғын үй салынуда.