Бұл жобаның басты мақсаты Ақмола облысы, Ақкөл ауданындағы белді шаруашылықтардың бірі «Қара найза» қожалығының бастамасымен Азат ауылының тұрғындарын кооперацияға біріктіру еді. Шаруалардың, әсіресе жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіру көптен шешімін күткен күрмеуі күрделі мәселелердің бірі.
Бүгінгі таңда, ауыл тұрғындары осы бастаманың игілігін өз қажеттеріне жаратуда. Өріске шыққан малдың күйі жақсарып, бордақылауға қойылған малдардан табыс артты, ал тұрғындардың ауладағы малдарын қараудан қолдары босап, қосымша табыс көздерін іздестіруге мүмкіндік алып отыр. Осы бастаманың авторы да, жүзеге асырушысы да кезінде Ауыл шаруашылығы министрі болған, қоғам қайраткері Төлеухан Нұрқиянов.
Қазақстан егемендік алғалы еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мол үлес қосып жүрген жандардың бірі – Төлеухан Мұратханұлы. Ұстанымы орнықты, сөзі дуалы осы бір жанның адамгершілігі, қайраткерлігі және іскерлігі хақында айтылар жарасымды әңгіме көп. Ширек ғасырдан астам қасында қызмет атқарған жылдары менің байқағаным, азаматтық ұстанымына берік, орамды ойлар айтатын білімпаздығы, мәселені жөнімен қисынына келтіретін алғырлығы, істің күрмеуін таба білетін тапқырлығы бар азамат. Әсілі, бағасын білгенге бұл аз байлық емес.
Төлеухан Мұратханұлымен таныстығымыз сонау 1993 жылдан бастау алады. Мәскеуден ғылым кандидаттығын қорғап келіп, Талдықорған облысында жаңадан құрылған ғылыми-зерттеу институтына қызметке орналастым. Осы кезеңнен бері менің еңбек жолыма зор ықпалы тиген қамқоршы азамат, қайраткерлігі мен адамгершілігі қайнаса біткен басшылардың бірі Төлеухан Мұратханұлы болды.
Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары Алматы облысындағы ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және науқанды жұмыстарды дер кезінде аяқтауға облыстық мекемелер жаппай жұмылдырылған-ды. Институтта қызмет атқарып жүрген кезімде облыстық деңгейде атқарылатын осындай науқандық жұмыстарға жас маман ретінде белсене ат салыстым. Әр саладағы мамандар өзара араласып, облыста, тіпті республикадағы болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып, ақпар алмасып тұратынбыз. Осындай ұйымдастыру жұмыстарының ұйтқысы Төлеухан Мұратханұлы еді. Бұл кісіге тән зеректік облыстық мекемелердің басшыларының барлығының аты-жөнін ғана емес, білікті қызметкерлердің баршасын жатқа білетін.
1994 жылы алғаш рет республикамызда өндіріс пен ғылымды ұштастыру мәселесі бойынша Қазақ ауылшаруашылық Академиясы мен облыстық жергілікті атқару органдары бірлесіп агроөнеркәсіп кешені ғылыми-өндірістік Орталықтарын құру бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдаған Талдықорған облысы болды. Облыс әкімі Серік Ахымбеков ғылыми адам болғандықтан, сол кезеңде социалистік тұрпаттағы экономиканы нарықтық жолға бейімдеу мақсатында және «Мемлекеттік меншіктен алу мен жекешелендіру» ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру жолында үлкен ұйымдастыру жұмыстарын іске асырды. Осы істің басы-қасында әкімнің орынбасары Төлеухан Нұрқиянов ағамыз жүрді. Екі іскер басшының қолдауымен Талдықорған облысында ғылыми-өндірістік орталық құрылды. Жекешелендіру мәселелерінің бағыт-бағдарын айқындап, шаруашылықтарға кеңес беріп, осы істің ел игілігіне жарауына барынша ықпал ету мақсатында осы лауазымға мені ұсынған Төлеухан ағамыз болды. Қоғамдық жұмыстан бастау алған таныстығымыз қызметтік жұмысқа ұласып кетті.
Сын сағаттарда, облыс аумағындағы ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мен ұқсату кәсіпорындарын барынша сақтап қалу, олардың тауар өндірушілермен қарым-қатынасын нарықтық талаптарға сәйкес жаңаша қалыптастыру, әр өңірдің шаруашылықтарын ерекшеліктеріне орай жекешелендіру жолындағы Төлеухан Мұратханұлының қажырлы еңбегі туған еліне, сеніп тапсырылған қызметіне деген адалдығын көрсетті.
Шаруашылықтарды жекешелендіру, яғни ұжымның мүлкі мен жерін үлестіріп беру Үкімет қаулысымен анықталғанмен, әр шаруашылықтың ерекшелігіне орай ұтымды шешім табу үшін білім ғана емес, біліктілік пен тапқырлық керек болды және бұл әуре-сарсаңы көп шаруа еді. Өкінішке орай, кейде өз мүдделерін жоғары қоятын ұжым мүшелері мен өзгелердің пікіріне құлақ аспайтын басшы азаматтардың әрекеттері оңтайлы шешім қабылдауға тұсау болып жатты. Осы кезеңде Нұрқияновтың басшылығымен облыстық мекемелердің қызметкерлері арасынан іріктеліп алынған мамандардан топ құрылып, олар өздеріне бекітілген ауданда жекешелендіру мәселелері бойынша түсіндіру және шаруаларға кеңес беру жұмыстарын жүргізді. Осындай жиын топта Төлеухан аға елдің сауалдарына білікті жауап беріп, кейбір басшылардың пікіріне қайшы келетін мәселелерді бұғып қалмай, ашығын айтып, жекешелендіру науқанының ақсамай, барша жұрттың игілігіне айналуына бар ерік-жігерін жұмсады.
Жекешелендіру мәселесіне қатысты ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары тікелей Төлеухан Мұратханұлының қатысуымен іске асырылып жатты. Ең маңыздысы, осы мәселе әкімшілік, яғни биліктің ықпалымен емес, Төкеңнің білімділігімен, көрегенділігімен және жеке басының беделімен ешбір дау-дамайсыз ойдағыдай өтіп жатты. Шаруашылық пен өңдеу саласы және ұжым мүдделері арасындағы кейбір алшақтықтарды орнымен орайластырып, жөнімен орнына келтіріп, істің ушығып кетпеуіне жол бермейтін көрегенділік әркімге бұйыра бермейтін қасиет.
Облыстағы озық шаруашылықтарды жекешелендіру барысында, тәжірибелі әрі беделді басшылардың болмысын тап басып тану, елдің ахуалын байқау, осы арқылы ел мүддесі мен басшы талаптарын шендестіре отырып қисынды қоныммен, дәлелді тұжырыммен саралап бітім айту – Төлеухан ағаға тән мәнер болатын. Мүдделі тараптарды алаламай, жақынын да жараламай, бәріне бірдей әділдікпен қарау ұстанымы арқасында облыс деңгейінде айналасына абыройлы, жақындарына сыйлы болды.
Кейіндері Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінде қызмет атқарған кезеңдерінде ұстанымының тұрақтылығына тәнті болдым. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қызметке осы кісінің шақыруымен ауысып келген едім. Қызмет бабында ол кісінің қарекеттерінен байқағаным, ой сабақтастығы, пікір жалғастығы әлі үзілмеген. Қажырлы еңбек пен тынымсыз ізденістің арқасында ой-өрісі толысып, тұшымды ой, тұжырымды шешім, дәйекті байлам айтуға төселгені көзге ұрып тұрды. «Тау шыңына шыққан адамның, биікке бойы үйренеді, ал тау бөктерінде жүрген адам сол шыңға өрлеп шықсам деген ізгі тілекпен биікке ұмтылады» деген тәмсіл бар. Мен де Төкеңнің өнегесін үлгі тұтып, тәлімін алып, тәрбиесін бойыма сіңірдім. Ақыл-ойы жүйрік, білімі ұшан-теңіз, жан дүниесі таза, батылдық пен даналықты бойына сіңіре білген, парасаты мен мәдениеті қатар өрілген Төлеухан Мұратханұлымен сыйластығымыз жарастығын тапты.
Республикалық деңгейде еңбектерімен абыройға ие болған, Одаққа танымал озық шаруашылық басшыларының барлығы дерлік Төлеухан Мұратханұлын ерекше құрметтейтін. Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева, Кеңестік колхоздар Одағы кеңесінің мүшесі Ыбрайымжан Қожахметов, ауыл шаруашылығының белді әрі беделді ұйымдастырушысы Көшкінбай Жанатов сынды азаматтар шаруашылық мәселелері бойынша ақыл-кеңес алатын. Көркем мінезімен, сыпайы жүріс-тұрысымен, әдеп инабатымен әріптестері арасында, жалпы облыс деңгейінде өте сыйлы болды. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген ұстанымға сай адаммен сөйлескенде ерекше бір зейін-зердемен, ықылас танытып, жақын тарта әңгімелесетін сәттерінде ішкі жан дүниесінің шынайылығы адамды өзіне баурап алады. Мен сыйлайтын Төкең «Сыйластықтан артық қымбатың болмас» деген сөзді өмірлік қағидасына айналдыра білген дана адам. Астанаға келген соң, сонау Талдықорған өңірінде өзім қол астында қызмет атқарған Серік Ахымбеков бастаған бір топ жерлестер әлі де қарым-қатынастарын жалғастырып, сыйластықпен араласады екен. Осы жиын топтарда Төкеңнің Серік ағаға деген ыстық ықыласына қарап, «болар елдің баласы бірін-бірі батыр» дейді деген осы екен деген ой түйдім.
Қызмет бабымен жақсы-жайсаңдардың бар асыл қасиеттерін бойына жинай отырып, артынан ілесіп келе жатқан жастарды да тәрбиелей білген Төлеухан ағаның өнегелі өмірі мені де өрге жетеледі. Талдықорған өңірінде қызметтес болғаннан бері қанатымның бекуіне, рухани толысуыма, іскерлік қабілеттің ұшталуына әрдайым қамқоршы болған азаматтық адамгершілігі зор, аузында дуасы бар Төкеңнің өмірі мен үшін өрелі өнеге.
Төкеңнің ақыл-кеңесі, әрине, өнегелі өмірі, бетімнен қақпай белімді буғаны, менің таным-түйсігімнің ұшталуына, талғамымның таразылануына зор әсер етті. Басшымын деп белден баспайтын сыпайы мінезі, негізгі жұмыстарды үйлестіруді және шығармашылық ізденісті уысынан шығармай, өзінің тәлімді тәжірибесіне сүйеніп, ақыл-кеңесін қызметкерлердің санасына сіңіре білу қабілеті Төкеңе тән жақсы қасиеттерің бірі. Төкеңнің азаматтық тұғырын сомдаған жеке дара қолтаңбасының бір парасы осы қасиет деп пайымдаймын. Ауыл шаруашылығы саласының, оның ішінде мал шаруашылығының заман талабына сай өркендеуіне Төлеухан Мұратханұлындай еңбек сіңіріп, үлес қосқан адамдар кемде-кем. Ауыл шаруашылығының нарық экономикасына бет бұру жолындағы Төкеңнің батыл да қажырлы еңбегі, ұстанымын дәлелдей алатын күрескерлігі Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерлерінің көңілінде сақталып қалар өнеге.
Тәуелсіздік алғаннан бері ауыл шаруашылығы саласында атқарылған қыруар істердің ішінде мал шаруашылығының дамуына мұрындық болған заңнамалық тетіктердің барлығы дерлік Төкеңнің басшылығымен іске асты. Егемендік алып, экономикамызды нарықтық қатынастарға бағыттауда, экономика субъектілерінің қарым-қатынасын реттейтін заңнамалық негіздерді жүйелеуде, әрине, білім мен біліктілік және өмірлік тәжірибе өте зәру болды. Осы тұста «Ветеринария туралы», «Асылтұқымды мал шаруашылығы туралы» заңдар әзірленіп, қабылданды. Бұл заңдар сол кезеңде қабылданған қыруар құжаттардың бір парасы. Осы заңдардың толыққанды жүзеге асуына қажет барлық құқықтық қағидалар, ережелер әзірленіп, іске асты. Мені тәнті еткен Төкеңнің ерекше зеректігі еді, сонау 1996 жылы Америка құрылығына барып нарықтық экономика бойынша оқып келген дәрістерін ұмытпай, еліміздің ауыл шаруашылығын нарық жолына бағыттауға оңтайлы қолдана алды. Ол кезде республикадағы экономикалық ахуалдың жай-күйі бәрімізге белгілі. Көктемгі егін егу мен күзгі егін орағы науқандарын өткізу жырға айналатын. Осы кезеңде Төкең ел құлағына әлі сіңіспеген форвардтық, фьючерстік мәмілелер ұстанымдарын өндіріске енгізіп, қаржыға қаталаған шаруашылықтардың күрделі мәселелерін шешуде жаңашылдық танытты.
Республика бойынша барлық облыста қолдан ұрықтандыру мекемелері тоқырауға ұшырап жатқанда, Талдықорған облысында қолдан ұрықтандыру мекемесі «Асыл» жұмысын жандандырып, ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, жергілікті мал тұқымдарын өсіруді жаңаша ұйымдастыруды бастап кетті. Бүгін күнде республика аясында тек екі мал асылдандыру мекемесі жұмыс істеп жатыр, біреуі Талдықорғандағы «Асыл» мал асылдандыру орталығы, екіншісі республикалық «Асыл түлік» орталығы. Екі мекеменің де жұмысын жандандыруға мұрындық болған Төкең болатын.
Осы орайда, Төкеңе тән ұлтжандылықты атап өткен жөн. Ұлтжандылық ең алдымен ана тілінен басталатынын ескерсек, Төкең ана тілін де еркін меңгерген жан. Сөзге де шешен, ұтымды сөз қолдану алғырлығымен ұғымға сіңімді, санаға жұғымды тұжырымдауларымен өзіндік қолтаңбасын сомдаған қызметкер. Кейбір теке-тірес кезінде астарлы сөздермен істің дұрыс бағыт алуына төте жол тауып кететін тапқырлық қасиеті де бар.
Төкең жаһандану үрдісіне ілескен мемлекетіміздің өз ерекшелігіне сай жүйе жасау керек екеніне табандылықпен еңбек еткен азаматтардың сапынан табылады. Мал шаруашылығы саласында өзгелердің жүйесін саралай отырып, ол сүрлеуді қайталамай, өз жолымызды табуға ұмтылды. Сырттан келген жөн-жосық пен технологиялардың барлығы бізді тікелей жетістікке жеткізе алмайтынын жақсы түсінген қызметкерлердің бірі болды. Шетелден келген технологияны жете түсінбесең, оны енгізгеннен қойыртпақ дүние туатыны белгілі, ол қойыртпақта шаруалар адаспай қайтсін? Осындай бастамаларымен дабыра жасаған азаматтардың жеткен жетістіктері қайда?
Республикалық деңгейде замана желісіне орай, нарық талабы ескеріліп, мал шаруашылығы бойынша көптеген жаңа көзқарастар өндіріске жол тартты. Солардың бір парасы: құс шаруашылығы бойынша асылтұқымды «Астана құс» шаруашылығы болса, ірі қара саласында республикалық мал асылдандыру орталығы «Асыл түлік» мекемесі болды. «Асыл түлік» қоғамы кеңестік дәуірден кейінгі кезеңде ұрықты тоңазытудың жаңа технологиясын (франциялық «IMV» фирмасының тәсілі) енгізіп, жас бұқашықтарды ұрпағының сапасы бойынша бағалаудың қазақстандық жолын жасап, геномдық технология әзірлемелері негізінде бұқашықтардың санатын ерте жастан анықтау сияқты бірқатар жаңа технологияларды жүзеге асырды.
Кез келген жаңашылдық көп күмән тудыратыны белгілі, осындайда жаңашылдықты жаны қалайтын Төкең осы бастамаларды тікелей қолдап, тұмсықтыға шоқыттырмады. Осы тұста қой шаруашылығы бойынша селекциялық-генетикалық орталықтар құру бастамасы, ауыл шаруашылығы малдары мен өсімдіктерінің және микроорганизмдердің тектік қорының (генофонд) Ұлттық орталығын құру сияқты отандық ғалымдардың жетістіктерін дәріптейтін және ғылыми жұмыстарына серпін беретін жаңа ұстанымдарын қолдап, барынша көмек көрсетті. Әттең, бүгінгі таңда мал шаруашылығы саласының кібіртіктеп, өндірімді іс атқара алмай жатқанына кейбір бастамалардың аяқсыз қалуы да себеп болды.
Мал шаруашылығы саласындағы ең ауқымды жұмыстардың бірі бұл кең ауқымды селекция ұстанымдарына сүйене отырып, мал шаруашылығын дамыту жолдары мен демеу тетіктерін бірегей тұжырымдама аясында шендестіре отырып, бір мақсатқа бағыттау бағдарламасы болды. Осы бағдарлама аясында мал шаруашылығының дамуына қажет барлық мемлекеттік демеулер мен қолдаулар, селекциялық жұмыстар мен мал азықтандыру мәселелерін ғылыми қамтамасыз ету тетіктері бір жүйеге тоғыстырылды. Осы тұста мал басының есебін дәйекті жүргізу және мал асылдандыру жұмысын жандандыру бағытында «кең ауқымды селекцияның ақпараттық-сараптау жүйесі» әзірленді. Бүгінгі таңда бұл жүйе «мал шаруашылығындағы ақпараттық-сараптау жүйесі» деген атпен жұмысын жалғастырып келеді. Атауы анықтап тұрғандай, бұл жүйе мал басының есебін ала отырып, сол малдың туғаннан бастап, шаруашылықтың есебінен шыққанға дейінгі (өледі, етке өтеді, сатылады және т.б.) деректерін жинақтап, сол ақпараттарды сараптай отырып малдың санатын (асылтұқымды мал, тауарлы мал, сойыс малы, т.б.) белгілеп, республикалық деңгейде мал басының есебін жүргізуді және мал асылдандыру жұмыстарын автоматтандыруды жүзеге асыруға бағытталды.
Ортақ істе өкпе, араздыққа қарамай, жанын салатын қазақ намысын ескерсек, қаншама қолдан жасалған қарама-қайшылықтар, қисынсыз ұсыныстар, қарсылықтар туындап жатса да, Төкең өзіне тән қарапайымдылықпен бәрін бірлікке үндеп, ауыл шаруашылығы мәртебесін өсіруге бар білім-қабілетін жұмсады. Міне, кісілік. Рухы мықты, ұстанымы дәйекті адамның кішіпейілділікпен-ақ күрмеуі күрделі мәселені шеше алатынын Төкеңнің осы қаракетінен көруге болады.
Төлеухан Мұратханұлының жеке басына тән кейбір ерекшеліктерінің тәлімдік өнегесі мол. Төкең негізгі құжаттарды жазуды және алдындағы құжаттарға түзетулер енгізуді қарындашпен атқаратын. Осы әдетіне тәнті болдым, өйткені бұл кеңселік құжаттарды дайындауда өте оңтайлы әдіс. Мен Мәскеу академиясында оқып жүргенімде, ұстазым Шангин-Березовский бізді студенттерді зертханалық жазбаларды тек қарындашпен жазыңдар деп үйреткен еді. Біріншіден, түзетуге ыңғайлы, екіншіден су тисе немесе малдың қаны мен экскременты (нәжісі) шашыраса, тіпті химреактивтер тиіп кетсе де қарындаш реакцияға түспейді, жазуың сақталады дейтін. Төкең ұнамаған сөзі мен сөйлемдерін өшіргішпен өшіріп, қайта жазуға ыңғайлы жағын қарастырғаны шығар.
Жиырма бірінші ғасыр – ақпараттар ғасыры екені белгілі, біліміңді ұштап отыру үшін ақпарат легін оқып қана қоймай, санаға тоқып үлгеруің және оны қолданысқа енгізе алу керек. Осы орайда, Төкеңнің болмысынан бойына дарыған зеректігі, алғырлығы және өмір тәжірибесімен сомдалған іскерлігіне тәнті боласың. Қандай күрделі мәселе болса да, сол проблемаға терең бойлап, шешімін тауып, уақытты қадірлей біледі. Ширақ қимылы, жүріс-тұрыс әдебі, кішіпейілділігі, артық сөз айтпауы кез келген қызметкерге үйренуге тұрарлық өнегелі қасиет. Кез келген қоғамда мемлекеттің өркендеуіне, белгілі бір саланың өрістеуіне зиялы адамдар ықпал етеді. Әрине, зиялы қауым дегеніміз – сауатты ғана емес, білімділігімен қатар қоғамдық дамудың заңдылығын түсінетін, атқаратын қарекеттің нендей нәтиже бере алатынын бағдарлай алатын, шешуші сәтте соған бағыт бере алатын қайраткерлер. Осы тұрғыдан Төкең зиялы қауымның белді мүшесі дер едім.
Ата-анасына деген сүйіспеншілігі, жарына деген шынайылығы, балаларына деген мейірімі әдепті адамның адамгершілік қасиетін асқақтатып тұрғандай. Қым-қуыт жұмыс, қарбалас шаруа бастан асса да, ата-анасына көңіл бөлуді әсте естен шығармайтын жүрегі нәзік жан. Әпкесі, іні-қарындастарына деген ықыласы, оларға көрсеткен ағалық ізеті бауырмалдығын дәріптегендей. Жалпы, ағайын-туысқа ғана емес, дос-жараны бар, барша адам баласын қадірлей білу Төкеңнің негізгі ұстанымы сияқты. Тумысынан бойына біткен қарапайымдылығына сай, ешқашан адамдарға жасаған қамқорлығын дабыра етпейтін, қазақы әдеппен сыйластыққа жүгінетін. Әрдайым кішіпейілділік көрсетуімен көпшіліктің көңілінен шығатын жақсы қасиетке ие.
Сынаптай сырғыған уақыт. Бүгін міне, Төлеухан Мұратханұлы ауыл шаруашылығына қосқан орасан үлесімен, қызметтегі бекем беделімен, ағайын және дос-жаран арасындағы абыройымен, еліне деген ақ пейілінен ауытқымай 70-ке келіп отыр. «Айтарыңды айтып кет, айта алмассың қайтып кеп» дегендей мақтау мен мадақтауды аса қажет етпейтінін білсем де, қасымызда жүрген аға қайраткердің өзіндік әлеміне үңілгенді, байқағанымды көпшілікпен бөліскенді жөн көрдім. Асылды бағалай білу де, ағаларды ағалай білу де менің інілік парызым деп санаймын. Данышпан Абай «Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді» деген емес пе, жақсысын жадында сақтаған халықтың ұрпағымыз ғой.
Төлеухан Мұратханұлына тән азаматтық асылдықтың бір көрінісі жас жетті, қайрат кетті деп зейнетке кетіп, отбасында қамалмай, әлі де еліне қызмет етуін жалғастырып, шаруалардың шашырап жатқан шаруасын ортақ мүддеге тоғыстырудың тиімді тәсілдерін өндіріске енгізуді жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда Қазақстанға тән жеке шаруалардың өз шаруаларын өздері күйттеген күйкі тірлігіне, кооперация тетіктері арқылы дем беріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға жұмылдырудың оңтайлы жолдарын саралау жолында. Қазақстанның егемендік алған кезеңінде мал шаруашылығы саласының нарықтық экономикаға еркін бойлауына мұрындық болған Төлеухан Мұратханұлының білімі мен біліктілігі шаруалардың ынтымағын ұйытатын тегеуірінді тетіктерді игеруге де жететініне сенімдімін. Алла ағамызға қуат берсін! Әрдайым жаңашыл ізденістердің ортасында маңдайы жарқырап жүре беруіне тілектеспін! Өмір жолындағы жетінші белес құтты болсын!
Айбын ТӨРЕХАНОВ, професссор