Ауыл шаруашылығы министрі Жетісуда жүгеріні қайта өңдеу кәсіпорнын салуды ұсынды

Ақтоты Жапатова 26 мам. 2025 13:03

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жетісу облысына жұмыс сапарымен келді. Министр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Министр Жетісу – еліміздегі ауыл шаруашылығы дамыған негізгі өңірлерінің бірі екенін атап өтті. Мұнда ауыл шаруашылығы жалпы өңірлік өнімнің шамамен 13%-ын құрайды. Климаттық жағдайдың қолайлылығы және Қытай Халық Республикасына географиялық жақындығы экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік береді.

2025 жылы өңірде құны 29 млрд теңге болатын агроөнеркәсіптік кешен бойынша 9 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында бордақылау алаңдарын, құс фабрикасын, жылыжайды салу және ет комбинатын кеңейту бар. Жалпы республика бойынша биыл АӨК саласында 1 трлн теңгеден асатын 249 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Кездесу барысында жүгеріні терең қайта өңдеу перспективаларына ерекше көңіл бөлінді. 2024 жылы өңірде 297 мың тонна жүгері жиналып, оның 135 мың тоннасы қайта өңделді, ал 76,8 мың тоннасы экспортталды. Осыған байланысты министр Панфилов ауданында жаңа қайта өңдеу кәсіпорнын салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Өңірдің экспорттық әлеуеті жоғары, әсіресе Қытай бағытына. 2023 жылы ҚХР-ға астық жеткізу көлемі 5,5 есе артып, 1,4 млн тоннаға жетті. 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта жеткізу көлемі 27%-ға өсіп, 1,859 млн тоннаны құрады.

Қытай тарапымен 29 түрлі өнім бойынша екіжақты хаттамаларға қол қойылуына байланысты жеткізілетін өнім түрлерін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Осыған орай, жеткізілетін өнім сапасын арттыру мақсатында Алашанькоу станциясында қазақстан-қытай бірлескен арбитраждық зертханасын құру жобасы қарастырылуда.

Шаруалар жүгері өсіруді дамыту, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, ара шаруашылығын дамыту және өнімді терең өңдеу мәселелерін көтерді. Барлық ұсыныстар назарға алынып, жұмысқа қабылданды.

Министр сондай-ақ өңірдің негізгі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметімен танысты. Олардың қатарында жүгері өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі – «Көктал Агро» ЖШС бар. Бұл шаруашылық 2024 жылдан бастап СҚО-ның тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 387 гектар жерге тамшылатып суару жобасын іске асыруда. Сонымен қатар тәулігіне 15 тонна сүт өндіретін сүт фермасына да барды.

Жұмыс сапарының маңызды нысандарының бірі – «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС болды. Жүгеріні терең өңдеу бойынша өңірдегі жетекші кәсіпорын жылына 150 мың тоннаға дейін шикізат өңдей алады. 2024 жылы 100 мың тонна жүгері қабылданып, крахмал, сірне, жүгері майы және құрама жем түрінде 72 мың тонна дайын өнім шығарылды. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында 23 578 тонна өнім өндірілді.

Өнімдер Орталық Азия елдеріне экспортталады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған аграрлық секторды қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастыруда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар