Аймақтағы педагогтармен өткен кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасының білім беру саласындағы басымдықтары талқыланды.
«AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов бұл салада азаматтардың орынды наразылығын тудыратын бірқатар шешілмеген мәселе бар екенін атап өтті.
«Үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер, мектепке дейінгі білім беру мекемелердегі орын тапшылығы, мектеп оқушыларының шамадан тыс жүктемесі, ауыл мен қаладағы білім беру сапасындағы теңсіздік мәселелері бар. Еліміздің әрбір тұрғыны сапалы білімге қол жеткізе алуы тиіс», – деді Ерлан Қошанов.
Өз кезегінде кездесуге қатысушылар кітапханашылардың, зертханашылардың және басқа да техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесін қозғады. Бұл проблеманы білім беру мекемелерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін ұлғайту арқылы шешуге болады.
Бұдан соң партиялықтар «Жан-Арай» көпбейінді агроиндустриялық кешен алаңында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ ұжымымен және облыстағы күріш өсірушілерімен кездесті.
Ашық әңгіме барысында егін суаратын су тапшылығы, субсидиялау жүйесіндегі және тағы басқа да мәселелер талқыланды.
Кездесуге қатысқан "Ауыл" партиясының мүшесі "Amanat-тың" сайлауалды бағдарламасына оң баға берді.
"Әлбетте, өзіміздің партияға бірінші кезекте тілектеспін. Дегенмен, сіздер ұсынған жобамен де танысып шықтым. Мәжілісте тек бір партияның депутаттары отырмайтыны белгілі, оның үстіне мажоритарлық жүйе тәуелсіз кандидаттарға жол ашты. "Amanat-тың" бағдарламасы көңілімнен шықты. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде аграрлық ғылымға айрықша назар аударыпсыздар. Сіздерге сәттілік тілеймін", – деді "Ауыл" партиясының белсендісі.
[video width="848" height="464" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2023/03/video-amanat.mp4"][/video]
Өз кезегінде "Amanat" төрағасы Ерлан Қошанов ауыл шаруашылығын қолдау мәселесінде барлық партиялар жұмылып жұмыс істеу керектігін атап өтті.
"Ауыл шаруашылығын сөз еткенде ең алдымен ауызбіршілік керек. Бүтін бір саланы бірлесіп көтеру керекпіз. Бұл мәселеде "Ауыл" партиясының қолтығынан демейтін боламыз. Сіздермен қойын-қолтықтасып жұмыс істеуге дайынбыз", – деді ол.