Қазақстан халқының елеулі бөлігі ауылдық өңірлерде тұрады. 2022 жылғы дерек бойынша ауыл тұрғындарының саны 7,7 миллионнан асып, жалпы халықтың 41 пайызын құрады. Алайда, ауыл жастарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрделі күйде қалып отыр. Олардың білім алу және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері қала жастарына қарағанда шектеулі. Көптеген дарынды жастар өз әлеуетін іске асыру үшін қалаға қоныс аударуға мәжбүр. Ауылда бос уақытты пайдалы өткізуге арналған инфрақұрылымның тапшылығы байқалады, цифрлық теңсіздік әлі де жойылмаған. Жастар арасында жұмыссыздықтың жасырын түрлері кең тараған.
Білімге қолжетімділік бірдей емес, цифрлық теңсіздік те бар
Ауылдық жерлердегі жастардың білім алу мүмкіндіктері қалаға қарағанда әлдеқайда шектеулі. Мектептердің материалдық базасы әлсіз, білікті мұғалімдер жетіспейді. Елдегі 8 мыңға жуық мектептің 67 пайызы ауылдық жерлерде, оларда оқушылардың 40 пайызы білім алады. Демек, ауыл мектептері ел болашағы үшін аса маңызды болғанымен, олардың жағдайы қала мектептерінен көп кейін екені байқалады. Халықаралық салыстырмалы зерттеулер ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасында айтарлықтай алшақтық барын көрсетеді. PISA-2018 зерттеуінде қазақстандық ауыл мектептеріндегі білім деңгейі қалалық мектептерден математикадан 22 балл, жаратылыстанудан 31 балл төмен болды. PISA-2022 зерттеуінің ұлттық есебі бұл айырмашылық сәл қысқарғанын айқындайды: математикалық сауаттылық бойынша қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтық 18 баллға, жаратылыстану бойынша 26 баллға дейін азайды. Яғни, соңғы жылдары мемлекет қабылдаған шаралар нәтижесінде ауыл мен қала оқушыларының көрсеткіштері жақындаса түскенмен, арадағы теңсіздік әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
Ауыл жастарының жоғары білімге қол жеткізуінде де бірқатар кедергілер бар. Мектепті ауылда тәмамдаған түлектер ұлттық тестілеуде төмендеу балл жинайды, себебі білім сапасы аса мәз емес және дайындық деңгейі қаладағы замандастарына қарағанда әлсіз. Оған қоса, тілдік барьер үлкен қиындық туғызады: көптеген ауыл мектептерінде ағылшын тілі мен орыс тілі тереңдетіліп оқытылмайды. Соның салдарынан ауылдың алғыр түлектері беделді жоғары оқу орындарына түсе алмай жатады. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабек бұл туралы: «Ауыл жастарының негізгі мәселесі – тілдік барьер. Орысша, ағылшынша білмеу олардың ірі компанияларға кіруіне, жоғары оқу орындарына түсуіне кедергі келтіріп жатыр. Осыдан кейін олар автоматты түрде жұмыссыздар қатарына қосылады» дейді.
Шын мәнінде, ауылдағы мектептерден қанат қаққан түлектердің біразы ҰБТ-дан жеткілікті ұпай жинай алмай, мемлекеттік гранттан қағылады. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2024-2025 оқу жылында жоғары оқу орындарында арнайы бөлінген квота негізінде 82,7 мың студент білім алуда, соның шамамен 35 пайызы (29,4 мың) – ауыл жастары. Яғни, мемлекет ауыл мектебі түлектеріне арналған квота енгізіп, қолдау көрсеткенімен, жоғары білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету әлі де күрделі күйінде қалып тұр.
Ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздік те білім беру мүмкіндіктерін шектеп отыр. Интернетке кең жолақты қосылу көптеген ауылдарда нашар немесе мүлдем жоқтың қасы. Ел бойынша үш мыңға жуық мектептің интернет жылдамдығы секундына небәрі 4 Мбит болып отыр, бұл белгіленген стандарт (20 Мбит/с) бойынша іс жүзінде интернет жоқпен тең.
Демек, шамамен 3000 ауыл мектебі заманауи онлайн білім ресурстарына қосыла алмай келеді. Бұл – ауылдағы бір миллионға жуық оқушы цифрлық білім ала алмауда деген сөз. Интернеттің жоқтығы немесе баяулығы салдарынан ауылдың жастары қалалық құрдастарына қарағанда ақпарат пен заманауи білім көздерінен құралақан қалуда. Онлайн курстарға қатысу, қосымша білім ресурстарын пайдалану ауыл оқушылары үшін қол жетпес армандай. Мұның барлығы олардың жоғары оқу орнына дайындығына, әлемдік білім жаңалықтарын игеруіне үлкен тосқауыл болып отырғаны анық.
Мемлекет соңғы жылдары осы алшақтықты жою мақсатында инфрақұрылымды жақсарту қадамдарын күшейтті. Мәселен, 2025 жылғы маусымда Цифрлық даму министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ 2027 жылдың соңына дейін 3 мыңнан астам ауылға жоғары жылдамдықты интернет жеткізу жобасын бастағанын хабарлады. Жоба аясында ауылдарға талшықты-оптикалық желі тартылып, шалғай елді мекендер спутниктік интернетпен қамтылмақ. Бұл шаралар ауыл тұрғындарына, соның ішінде жастарға, білім беру, медицина және мемлекеттік қызметтерге тең дәрежеде қол жеткізуге негіз болары сөзсіз.
Сонымен қатар ауыл мектептеріне заманауи компьютерлік сыныптар мен интерактивті тақталар орнату жұмыстары жүріп жатыр. Мұның барлығы ауыл мен қала оқушыларының мүмкіндіктерін теңестіруге, ауыл жастарын цифрлық сауаттылыққа баулып, болашақта бәсекеге қабілетті маман болуына жағдай жасауға бағытталған маңызды қадамдар.
Ауыл жастарының жұмыссыздығы алаңдатады
Ауыл жастары үшін жұмыспен қамтылу – ең өзекті мәселелердің бірі. Ауылдық аймақтардағы экономика негізінен ауыл шаруашылығына арқа сүйейді, сондықтан тұрақты және әртүрлі жұмыстың мүмкіндігі шектеулі.
Ресми статистика бойынша 16-34 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 2025 жылдың бірінші тоқсанында 3,1 пайыз болды. Бір қарағанда жұмыссыздық деңгейі төмен сияқты, алайда бұл тек ресми тіркелгендер саны. Шын мәнінде, ауылды жерлерде жұмыссыздықтың жасырын түрі кең тараған – өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген жастар көп. Мәселен, 2019 жылы Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев 1,6 миллионнан астам ауыл жастарының басым бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығанын, яғни тұрақты ресми жұмысы жоқтығын айтқан еді. Олар статистикада «жұмыссыз» деп саналмағанмен, тұрақты табысы мен әлеуметтік қорғалуы жоқ екенін ескерсек, бұл өте үлкен алаңдатушылық туғызады.
Жоғары немесе арнаулы оқу орнын бітірген мыңдаған ауыл жастары мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүр. Дипломы бар көп жас өз ауылында да, қалада да сұранысқа ие бола алмай, «екі қолға бір күрек» іздеп сенделуде. Бұның бірнеше себебі бар: бірінің мамандығы сұраныссыз болса, енді бірінде тәжірибе жоқ, кейбірінің алған білімі заман талабына сай келмейді. Кейбір зерттеулер түлектердің шамамен 40 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін көрсетті. Яғни, білім беру жүйесінде кәсіби бағдар беру және практикаға бағыттау әлсіз екенін айғақтайды.
«Оқу бағдарламалары практикалық машыққа негізделмейінше, жұмыссыздық азаймайды. Теориямен қатар жасанды интеллект сияқты жаңа технологияларға икемделген дағды қалыптастыру маңызды» деп санайды Айсұлу Молдабек.
Бұл пікірден ауыл түлектерінің білімі көбіне теориялық болып, тәжірибелік дағдылардың жетіспейтіні, сол себепті еңбек нарығында дәрменсіз қалатыны аңғарылады.
Жастардың жұмыс таппай, бос жүруі – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның мәселесі. Қазіргі таңда еш жерде жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби біліктілігін арттырмайтын жастарды NEET санатына жатқызады. Қазақстан бойынша NEET санатындағы 15-28 жас аралығындағы жастардың үлесі 6,5 пайыз шамасында. Сарапшылар бұл топтың көбеюін болашаққа қауіп деп бағалайды, өйткені NEET санатындағы жастар экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізбеген, қоғамнан тыс қалған, болашағына сенімі аз буын ретінде сипатталады. Мұндай жастар ресми статистикада жұмыссыз ретінде көрінбеуі мүмкін, бірақ шын мәнінде олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті іске қосылмай бос жатыр. Бұл мемлекет үшін де шығын: жұмыс күшінің толық пайдаланылмауы, әлеуметтік кернеудің артуы қаупі бар.
Ауыл мен қала жастарының еңбек нарығындағы мүмкіндіктері жер мен көктей екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
«Ауыл мен қала жастарының мүмкіндігі екі түрлі әлемге ұқсайды. Ауыл жастары интернетке, тілге, сапалы білімге, кәсіби бағдарға қол жеткізе алмай, еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болып қалады», - дейді әлеуметтанушы А.Молдабек.
Расында да, ауыл мектебін бітірген көп жастар тек қарапайым жұмысқа не маусымдық шаруаларға ілігеді, кейбіреуі мүлдем жұмыс таба алмайды. Мысалы, туған ауылында қалған жастардың біразы мал бағу, егін салу сияқты ата кәсібімен айналысса, басқалары күнкөріс қамымен қалаға кетуге мәжбүр. Бірақ қалаға барғанымен, бәріне бірдей жайлы жұмыс табыла қоймайды. Сөйтіп ауылдан шыққан кейбір жастар ірі қалаларда құрылыста, саудада күндік жұмыс істеп немесе курьерлік, такси сияқты бейресми салаларда еңбек етеді. Мұндай бейресми жұмыста жүргендердің табысы тұрақсыз, әлеуметтік кепілдіктері жоқ, өмір сүру сапасы төмен. Бұл құбылыс қаладағы кедейлік қатарын толықтырып, әлеуметтік теңсіздікті тереңдете түсуде.
Жастардың бос уақыт инфрақұрылымы қалыптаспаған
Ауылдық жерлерде жастардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау да өзекті мәселе. Қаламен салыстырғанда, көптеген ауылдарда жастарға арналған мәдени-спорттық нысандар тапшы немесе мүлде жоқ. Мысалы, спорт залдары, жастар орталықтары, кітапханалар мен клубтар саны ауылдық жерлерде өте аз. 2019 жылы ауыл жастары арасында жүргізілген сауалнамада респонденттердің 11 пайызы бос уақыт өткізетін орындардың жоқтығын басты проблема ретінде атаған. Шынында да, инфрақұрылым болмаған соң, ауыл жастарының уақыты бос өтеді немесе бейәлеуметтік әрекеттерге ұрыну қаупі туады. Жеке қабілеттерін дамытып, шығармашылықпен не спортпен айналысу мүмкіндігі шектеулі. Мұның салдары ретінде кей жастар зиянды әдеттерге әуестенуі, қоғамнан оқшаулануы ықтимал.
Мемлекет бұл түйткілді шешу үшін «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту ісіне кірісті. Соңғы жылдары мыңдаған ауылдарда мәдениет үйлері мен спорт кешендері жөндеуден өткізіліп, жаңа нысандар салынуда. Кейбір ауылдарда жастарға арналған спорт алаңдары, футбол-қосымша ойын алаңдары пайда болды. Дегенмен, бұл жұмыстар өңірлерде біркелкі атқарылмай отыр. Бір облыста нәтижесін берсе, екіншісінде әлі де жастарға арналған үйірмелер мен секциялар жетіспейді. Ауыл тұрғындары арасында жүргізілген сауалнамаларда елді мекендерде жастардың рухани, мәдени-ағартушылық, кәсіби және физикалық дамуына жағдай жасау қажеттігі жиі айтылады. Демек, ауылдарда спорт алаңдарын, мәдениет үйлерін, кітапханаларды көбейту, түрлі өнер, музыка, қолөнер, техника үйірмелерін ашу – жастардың шығармашылығын дамытуға және оларды ауылда тұрақтандыруға ықпал ететін маңызды шара.
Жергілікті жерлерде еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдар бастамасымен ашылып жатқан жастар ресурстық орталықтары да жақсы үлгі. Ондай орталықтарда ауыл жастары кітап оқып, интернетке шығып, дебат немесе пікірталас клубтарына қатысып уақытын пайдалы өткізе алады. Сонымен бірге спорттық жарыстар, мәдени фестивальдер ұйымдастыру арқылы да ауыл жастарын қоғамға бейімдеу талпыныстары бар. Мұндай шағын бастамалар кей жерде жемісін бергенімен, жалпыұлттық деңгейде ауыл жастарының бос уақыт инфрақұрылымын жүйелі түрде жақсарту қажеттігі күн тәртібінен түспейді.
Ауыл жастары – ел ертеңінің қазынасы, сондықтан олардың білім алып, жұмыс істеп қана қоймай, жан-жақты дамуы үшін де мемлекет пен қоғам ерекше назар аударуы тиіс. Аталған мәселелер дер кезінде шешілмесе, ауыл жастарының қалаға кетуі жалғаса береді. Бұл үрдістің салдары мен оған қарсы атқарылып жатқан шаралар жөнінде келесі мақалада қарастырамыз.