"Ауыл бюджетінің өзіндік кірістері 4 есеге артады". ҰЭМ тағы бір жаңашылдықпен бөлісті

Кәмшат Тілеухан 26 нау. 2025 17:55 750

Ауыл бюджетінің кіріс көздері қалай артпақ? Бұл сұраққа Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында кеңінен жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 4 деңгейлі бюджет кірістері 8 түрлі салықтық түсімдер, аудандық бюджеттен бөлінетін қаражат, айыппұлдар, трансферттерден қалыптасады. 4 деңгейлі бюджет енгізілгеннен кейін кірістер екі есе артты. Мәселен, 2023 жылы жоспар бойынша 308 млрд теңге түсуге тиіс еді, бірақ нақты түсім 320 млрд теңгені құрады.

"Ауыл бюджеттерінің қаржылық дербестігін одан әрі арттыру қажет. Осыған байланысты келесі түсімдер есебінен ауылдық округтер бюджетінің кіріс көздерін кеңейту ұсынылып отыр. Бұл - заңды және жеке тұлғалардың мүлік салығының бір бөлігін аудару, су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем, белгілі бір қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым, белгілі бір лицензиялар мен рұқсаттарды пайдаланғаны үшін төлемдер", - дейді вице-министр.

Бұдан бөлек,оның айтуынша, жаңа Бюджет кодексі аясында ауыл бюджетіне пайдалы қазбаларды өндіру салығы беріледі.

"Осылайша, ауыл бюджетінің өзіндік кірістері 4 есеге артады — 68 млрд теңгеден 263 млрд теңгеге дейін", — деді ол.

Айта кетсек, елімізде ауылдық аймақтарды дамыту үшін Үкімет тарапынан бірқатар шара қолға алынды. 2025 жылғы деректерге сәйкес, республикамызда 7,5 млн халық өмір сүріп жатқан 6179 елдімекен бар. Былтыр ауылдық жерлерде негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 7,9 трлн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласында бір жұмысшыға шаққанда еңбек өңімділігі соңғы бес жылда 2 есеге өсіп, 4,2 млн теңгеге жетті.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар