Жаркентте мектеп ауласындағы трансформаторға кірген 10 жасар қызды ток соғып, қаза тапты

Жаркентте мектеп ауласындағы трансформаторға кірген 10 жасар қызды ток соғып, қаза тапты
magnific.com

Жетісу облысының Жаркент қаласында мектеп аумағында ойнап жүрген бесінші сынып оқушысын ток соғып, көз жұмды. Қайғылы оқиғаға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеу бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 9 шілдеде қыз оқитын мектептің ауласында болған. Бала ойнап жүріп, есігі құлыпталмаған трансформаторлық қосалқы станцияға кірген. Сол жерде оны электр тогы соққан.

Зардап шеккен оқушы Жаркент қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Алдын ала диагноз ретінде электр тогынан зақымдану тіркелген.

Марқұм қыз 10 шілдеде 10 жасқа толуы тиіс болған.

Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Құқық қорғау органдары нысанды пайдалану мен оның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың жауапкершілік деңгейін анықтап жатқанын хабарлады. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жалғасуда.

Сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктерді жою және осыған ұқсас қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға нұсқама жолданған.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайды. Істің барысы полиция басшылығының бақылауына алынды.