Венгрия парламенті президент Тамаш Шуйокты қызметінен кетіруге мүмкіндік беретін конституциялық түзетуді қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Reuters агенттігінің мәліметінше, түзетуді премьер-министр Петер Мадьярдың үкіметі ұсынған. Құжат парламентте 139 депутаттың қолдауына ие болып, алтауы қарсы дауыс берген.
Жаңа тәртіпке сәйкес, егер президент бес күн ішінде түзетуге қол қоймаса, парламент оған қатысты импичмент рәсімін бастай алады. Сонымен қатар депутаттарға жаңа президентті жаңа Конституция қабылданғанға дейін немесе бес жылға дейінгі мерзімге сайлау құқығы беріледі.
Петер Мадьяр Тамаш Шуйокты бұрынғы премьер-министр Виктор Орбанның саяси жүйесінің бір бөлігі деп санайды. Оның айтуынша, қабылданып жатқан реформалардың мақсаты – елдегі құқық үстемдігін қалпына келтіріп, Орбанның 16 жылдық билігі кезінде қалыптасқан саяси жүйені өзгерту.
Бұған дейін Мадьяр үкіметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларды бастап, сот жүйесі мен мемлекеттік институттарды жаңғыртуға бағытталған бірқатар өзгерістерді қолға алған болатын.