“Ауғанстан соғысында жараланғанмын”. Әуежайда қызметкерді кепілге алған зейнеткер сотта не деді?

Қаракөз Амантай 07 сәу. 2025 17:12 976

Сотта айыпталушы Машрапбек Баратов бұл әрекетті алдын ала жоспарламағанын айтты. Оның сөзінше, сол күні ол әуежайда кездейсоқ пайда болып, қатты күйзелісте жүргенін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол рюкзакта ескі асүй пышағы болғанын растады. Бұрын сол пышақпен консерві ашып жүргенін, ал “бомба бар” деген сөзді үрей үстінде айтып қалғанын жеткізді. Сондай-ақ өзінің күзетші болып жұмыс істейтінін, үш айдан бері жалақы алмағанын және бұл жағдай оның әрекетіне себеп болғанын да мойындады.

“Мен күзетте жұмыс істеймін. Үш ай болды, жалақы бермей жүр. Сегізінші наурызға дейін бірдеңе алып берсем деп едім. Сейфуллин көшесіне шықтым. Кездейсоқ бір автобусқа отырып кеттім. Үйге жетем деп ойладым… OLX қосымшасынан жұмыс іздедім. Қалай әуежайға жетіп қалғанымды өзім де байқамай қалдым. Отбасымда да мәселелерім бар. Іштей күйзелісте жүрдім… Бірақ әйеліме де, қызым мен ұлыма да үш айдан бері қаржылай қиындықта жүргенімді айта алмадым”, — деді ол.

Баратовтың айтуынша, әуежайға барған соң ол терминал қызметкеріне жақындаған. Ал қызды кепілге алған сәтте, шынайы хаос басталғанда, мылтықтан оқ ату ойы туған.

“Әуежайға кірейін деген ойым болмаған. “Түске дейін уақыт бар екен” деп, жай ғана аралайын деп ойладым… Пышақты полиция ұстап алады немесе атып тастайды деп қорқып шығардым. Бәрі аяқасты болды. Полицейлердің өзі кідіріп қалды. Мен олардың борышын орындайтынына сендім. Фильмдерде көріп жүрміз ғой: полицей кепілді құтқаруы керек, бірақ олар қорқып қалды. Қызға да жаным ашыды. Біреу жақындаса екен дедім”, — деді айыпталушы.

Ол сонымен қатар Ауғанстандағы соғыста жараланғанын, басынан екі рет жарақат алып, контузия алғанын да жеткізді.

“Көктемде жағдайым күрделеніп кетеді… Басымда екі сынған жер, контузия бар. Биылғы көктем қиын тиді — жалақы бермеді. Барлығы қатар келді. Контузияны 1981 жылы Ауғанстанда алдым. Ол кезде партия мүшесі едім, өз еркіммен соғысқа бардым… “Көпірді күзетесің” деді. Мен борышымды өтеу үшін бардым”— деді ол.

Сот процесі жалғасуда…

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ер адам әуежай қызметкерін кепілге алғанын жазған едік. 

Әуежай өкілдерінің сөзінше, оқиға бүгін, 7 наурызда әуежайдың ұшу алдындағы тексеру аймағында болған.

Сағат 11:45 шамасында өзін жолаушы ретінде таныстырған ер адам ішкі терминалдағы (Т1) рейс алдындағы тексеру аймағына келген. Алматы халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметінің скрининг қызметкерлері ер адамнан құжаттарын көрсетуді сұраған, бірақ ер адам скрининг офицерін шашынан ұстап алып, пышақпен қорқыта бастаған.

7 минуттан кейін әуежайдың желілік полиция бөлімінің (LPD) қызметкерлері және Алматы халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ер адамның пышағын тартып алған.

Қазіргі уақытта ер адам полиция бөлімінде, құқық қорғау қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар