Әуежай маңындағы қоқыс полигондары қауіпке айналды

Әуежай маңындағы қоқыс полигондары қауіпке айналды
pixabay.com

Бүгін Үкімет отырысында Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздікке төнген негізгі қауіптердің бірі ретінде әуежайлар маңындағы қоқыс орындары мен ретсіз құрылыс мәселесі көтерілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі ұсынған баяндамада Атырау, Семей, Өскемен, Көкшетау, Балқаш және Үржар әуежайлары маңындағы қоқыс полигондары ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отырғаны айтылды.

«Атырау, Семей, Өскемен, Көкшетау, Балқаш және Үржар әуежайларының маңында орналасқан қоқыс полигондары әуе кемелерінің құстармен соқтығысу қаупін арттырып, әуе компаниялары үшін пайдалану шектеулерін туғызуда. 2025 жылы әуе кемелерінің құстармен соқтығысуының 280 жағдайы тіркелсе, биылғы жылдың бірінші тоқсанында мұндай оқиға саны 33 болған», – делінген баяндамада.

Үкіметке Атырау әуежайының маңындағы қоқыс орны көрсетілген. Мамандардың айтуынша, бұл аумақ құстарды тартып, ұшу қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп отыр.

Сонымен қатар авиация саласында тағы бір мәселе көтерілді. Әуежайлар маңындағы аумақтарда заңсыз нысандар көбейіп, жерлердің мақсатсыз пайдаланылуы жалғасып жатыр.

«Тағы бір мәселе – әуежайлар маңындағы аумақтарда кедергілер санының көбеюі және жерлерді мақсатсыз пайдалану. Алматы әуежайының маңындағы аумақта шамамен 160 кедергі анықталса, Шымкент әуежайы аумағында олардың саны 150-ден асады», – деп көрсетілген құжатта.

Авиациялық әкімшілік әуежай маңындағы аумақтарды аймақтарға бөлу схемаларын әзірлеп, әкімдіктерге жіберген. Алайда көп жағдайда бұл құжаттар бас жоспарларға енгізілмеген.

«Алайда көп жағдайда бұл аймақтарға бөлу схемалары әлі күнге дейін елді мекендерді дамыту жөніндегі бас жоспарларға енгізілмеген. Соның салдарынан әуежайлар маңында жаңа нысандар мен қосымша кедергілердің пайда болуы жалғасып жатыр», – делінген баяндамада.

Сондай ақ 2025 жыл және 2026 жылдың бірінші тоқсаны аралығында азаматтық авиация субъектілеріне 1202 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде жеті әуе компаниясына қатысты сертификаттарды тоқтату немесе қайтарып алу шаралары қабылданған. Бұдан бөлек төрт авиациялық оқу орталығының қызметі тоқтатылып, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсететін екі ұйымның сертификатының күші уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар сегіз әуеайлаққа қатысты 15 шектеу енгізілген.