Аудиттен кейін министрлік қандай шара қолданды?

Көркем Алдабергенова 26 қаң. 2026 12:18

Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттен кейін Денсаулық сақтау министрлігі медициналық зерттеулер мен биоматериалдарды бақылауды күшейтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі биомедициналық және клиникаға дейінгі зерттеулерді, сондай-ақ биобанктердің қызметін реттейтін нормативтік құжаттарға бірқатар маңызды өзгеріс енгізді. Жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау аясында жүргізілді.

Жоғары аудиторлық палата өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында тиімділік аудитін жүргізді. Тексеру азаматтар мен медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік активтерді пайдалану мәселелерін қамтыды.

Аудит қорытындысы бойынша пысықтауды талап ететін бағыттар анықталды. Осыған байланысты Министрлікке бірнеше негізгі нормативтік құжатқа өзгерістер енгізу тапсырылды.

Атап айтқанда, биомедициналық зерттеулер жүргізудің, есепке алудың және мониторингтеудің нақты механизмін қалыптастыру үшін Биомедициналық зерттеулер жүргізу қағидаларын жаңарту қажет болды. Бұл бастама бойынша жүргізілетін, өз қаражаты есебінен жүргізілетін, халықаралық көздерден қаржыландырылатын және басқа да зерттеулердің барлық типіне қатысты болды. Сонымен қатар Дәрілік заттарды клиникалық зерттеу қағидаларының ережелерін қайталайтын нормаларды алып тастау ұсынылды.

Сондай-ақ биологиялық материалдарды сақтау мен басқарудың бірыңғай стандарттарын белгілей отырып, Биобанктер құру және қызметінің қағидаларын пысықтау ұсынылды.

Клиникаға дейінгі зерттеулерге де ерекше назар аударылды. Оларды есепке алудыңиашық тәртібін айқындау қажет болды.

Нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігі қажетті өзгерістер енгізді:

  • Биомедициналық зерттеулер қағидаларына тіркеу, есепке алу және мониторингтеу механизмі қосылды, сондай-ақ Клиникалық зерттеулер қағидаларымен қиылысатын нормалар алып тасталды;
  • Биобанктер қызметінің қағидаларына биологиялық материалдарды сақтау тәртібіне арналған жаңа тарау қосылды;
  • Клиникаға дейінгі зерттеулер қағидаларына оларды есепке алу тәртібін белгілейтін түзетулер енгізілді.

Осылайша, биомедициналық, клиникаға дейінгі зерттеулер мен биобанктердің жұмысы саласындағы нормативтік база анағұрлым ашық әрі жүйелі бола түсті. Бұл зерттеулердің қауіпсіздігі мен сапасын арттырады, сонымен қатар биоматериалдарды бақылауды жақсартады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove