Атырауда мейрамханалар желісінде бухгалтер болып жұмыс істеген әйелдің кәсіпорын шоттарынан 44 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз аударғаны анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот құжаттарына сәйкес, 41 жастағы әйел бірнеше жыл бойы жергілікті кәсіпкердің мейрамхана бизнесіне қарасты компанияларда есепші қызметін атқарған. Оның міндетіне Azattyq даңғылындағы Barma мейрамханасының қаржылық есебін жүргізу де кірген.
Тергеу мәліметінше, 2024 жылдың тамызы мен желтоқсаны аралығында мейрамхана шотынан шамамен 28 миллион теңге шығарылған. Қаражаттың бір бөлігі техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарына жұмсалды деп көрсетілгенімен, іс жүзінде мұндай жұмыстар жүргізілмеген.
Сонымен қатар бухгалтер өз есепшотына «тауар сатып алуға арналған есепті сома» деген негізбен 8 миллион теңгеден астам ақша аударған. Алайда бұл қаражатқа ешқандай тауар алынбағаны белгілі болды.
Тергеу барысында әйелдің осы мейрамхана тобына қарасты тағы бір кәсіпорынның шотынан 16 миллион теңгеден астам қаражат аударғаны анықталған. Нәтижесінде заңсыз шығарылған қаржының жалпы көлемі 44 миллион теңгеден асқан.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, күдікті ақшаның бір бөлігін қолма-қол шешіп алып, қалғанын жеке депозиттік шотына орналастырған.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Ол бұл әрекетке отбасылық қиындықтар мен қаржылық мәселелерге байланысты барғанын айтып, қаражатты кейін қайтаруды көздегенін жеткізген.
Сот үкімімен әйел бес жылға бас бостандығынан айырылып, сондай-ақ бес жыл мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты қызметтерді атқару құқығынан айырылды. Алайда кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу бес жылға кейінге шегерілді.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.