Атырауда 12 жастағы мектеп оқушысына тиісіп, оны қорқытқан ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды dalanews.kz KTK телеарнасына сілтеме жасап.
Қыздың анасы Балауса Өтеуованың айтуынша, оқиға жексенбі күні кешкі сағат 22:00 шамасында болған. Ойын алаңынан үйіне қайтып келе жатқан оқушыға бейтаныс ер адам жақындап, агрессивті әрекет көрсеткен.
Анасының сөзінше, ер адам қыздан өзіне алкоголь сатып әкелуді талап етіп, кейін оны ернінен сүюге мәжбүрлемек болған.
– Ол қызымды қорқытып, айқайлаған. Дүкенге бірге баруды талап еткен. Қызым көмек сұрауға мүмкіндік туады деп үміттеніп келіскен. Кейін ер адам оны ернінен сүюді талап етіп, өзіне қарай тартқан. Сол сәтте қызым оның шашынан ұстап, босап шығып қашып кеткен, – деді Балауса Өтеуова.
Туыстарының айтуынша, егер қыз қашып құтыла алмаған жағдайда, оқиға одан да ауыр салдарға ұласуы мүмкін еді. Қазір оқушы үйден жалғыз шығуға қорқады.
Атырау облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
– Оқиға бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта күдіктінің жеке басын анықтау және оны ұстау бағытында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады полиция.
Оқиғаға қатысты тергеу жалғасуда.