Атырау – Орал бағытындағы республикалық маңызы бар тасжолдың жөнделіп жатқан бөлігіндегі уақытша айналма жолдың қалың шаңға орануына мердігер ұйым түсініктеме берді, деп хабарлайды dalanews.kz Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.
12 шілдеде жергілікті редакцияға аталған учаскеде түсірілген бейнежазба келіп түскен. Онда жүк көліктері мен жеңіл автокөліктердің уақытша айналма жолмен жүріп бара жатқан сәті көрсетілген. Көліктер көтерген шаңның қою болғаны соншалық, қарсы бағыттағы көліктер бірнеше секундқа мүлде көрінбей қалады.
Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Атырау облыстық филиалы мердігер ұйым – «АБК-Автодор НС» ЖШС техникалық директоры Ермек Едігеновтің түсініктемесін жолдады. Оның айтуынша, уақытша айналма жолдың жағдайы көлік қозғалысының қарқындылығы мен қолайсыз ауа райының, соның ішінде мол жауын-шашынның әсерінен нашарлаған.
Компанияның мәліметінше, қазіргі уақытта айналма жолды күтіп ұстау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, шаңды азайту үшін жолға үнемі су себіледі, жабынды автогрейдермен тегістеу, жол катогымен нығыздау жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар пайда болған ақаулар жедел түрде жойылып жатыр.
Мердігер ұйым редакцияға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жерден түсірілген фотосуреттерді де жолдаған. Онда су шашатын арнайы техника мен автогрейдердің жұмыс істеп жатқаны көрінеді.
«АБК-Автодор НС» ЖШС уақытша айналма жолдың жағдайы инженерлік-техникалық мамандардың тұрақты бақылауында екенін атап өтіп, жөндеу жұмыстарына байланысты жүргізушілерден туындаған уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.