Атырау облысындағы ауылда оқушылар алыс мектепке қара жолмен сабылып жүр

Атырау облысындағы ауылда оқушылар алыс мектепке қара жолмен сабылып жүр
"КТК" кадры

Атырау облысы Ақкөл ауылында білім ордасын айдалаға салған. Соның салдарынан балалар елсіз даламен қатынап оқып жүр. Қара жолмен үш шақырымнан аса жаяу жүруге мәжбүр, деп хабарлайды dalanews.kz "КТК" телеарнасына сілтеп.

Биыл ашылған білім ордасы ауылдың шетінде. Балалар тым алыс орналасқан жаңа мектепке жаяу сабылып шаршаған. Елсізге салған мектепке бала түгілі, ересектер "ентігіп әрең жетеміз" дейді. Олар алдағы жауын-шашын мен қыстың қаупін айтып, шыр-пыр етеді.

Мыңға жуық бала айдалаға салынған мектепке қара жолмен қатынайды. Айнала сор, бір жағы зираттар. Ең сорақысы, ауыл сыртында ит-құс пен жабайы аң да көп. Ата-ананы алаңдататын басты қауіптің бірі де осы. Мектеп шалғай екенін айтып шырылдаған халықтың бар талабы - оқушы тасымалдайтын автобус. Бірақ жергілікті билік "жол жоқ" деп автобус шығаруға асықпай отыр.

"Қазір өз күшімізбен бұл мәселені шешетіндей механизм жоқ. Себебі облыстық білім беру басқармасына осы мәселе бойынша тағы да ұсыныс әзірлеп жатырмыз", - деді Құрманғазы ауданы білім бөлімінің басшысы Жігер Жанқанов.

Бұл мектепте оқитын мыңнан аса баланың 58-і ғана теміржол өткелінен өтетін болғандықтан, көлікпен тасымалданады екен. Қалған мың баланың қауіпсіздігіне алаңдаған ауыл халқының ендігі бар үміті - облыс басшылығы.