Атышулы Федоровты орнына қойған қазақ әскериі қамауға алынды (видео)

Dalanews 12 шіл. 2021 03:01 1076

Ақтөбеде Ардагерлер одағының төрағасы Мұрат Мұхамеджанов қамауға алынды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Облыстық полиция департаментінің мәліметі бойынша Мұхамеджанов қаладағы Шекарашылар саябағында орналасқан монументтің қақ маңдайындағы ҚазССР гербін жұлып алған.

"Бұл герб біздің идеологияға қайшы! Облыс және қала әкіміне айтарым, тез арада бұл бағананың көзін құртыңдар. Орнына Қазақстанның туы түстес монумент орнатуды талап етемін! Еліміздің барлық өңірлері Қызыл империядан қалған мұндай мұрадан арылуы керек.

Сонымен қатар президент Тоқаевқа үн қатамын! Елтаңбамыздың төбесіндегі қызыл қырғыннан хабар беретін бес жұлдызды алып тастаңыздар. КСРО-ның тұтқыны болғанымыз болғанымыз осыдан-ақ айқын көрінеді. Бізге Совет үкіметін еске салатын бұл белгінің мүлде қажеті жоқ. Отарлық езгінің идеология құралдары Тәуелсіз елдің символдарында көрініс бермеуі қажеті", – деген еді Ардагерлерді одағының төрағасы.

[video width="640" height="640" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2021/07/215348852_352898969553236_1038311606504323356_n.mp4"][/video]

Ал облыстық полиция басқармасы Мұрат Мұхамеджанов осы арқылы әскери қызметшілердің ар-намысын қорлады деп отыр.

"Бұл монумент Отанды қорғаған барлық ұрпақтың шекара жауынгерлерінің ерлігінің мәңгі ескерткіші және мемлекеттік шекараның қасиеттілігі мен қол сұғылмаушылығының символы болып табылады.

Аталған құқық бұзушылық жасағаны үшін учаскелік полиция инспекторлары Мұрат Мұхамеджановты қалалық полиция бөліміне жеткізді, онда ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды", – дейді полиция басқармасының баспасөз-қызметі.

Белгілі болғандай Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен Мұрат Мұхамеджанов ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынған.

Басқарма басшылығы өз кезегінде Мұхамеджановтың әкімшілік жауапкершілікке тартылуы оның қоғамдық-саяси қызметіне қатысы жоқтығын айтады.

...

Еске салайық, Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан жауынгерлер одағының төрағасы, подполковник Мұрат Мұхамеджанов Ресейдің Дума депутаты Евгений Федоровпен айтысқа түскен азамат ретінде танымал.

“Қазақ жері кімге тиесілі?” деген тақырыпта өткен тікелей эфирде Мұхамеджанов орыс депутатының бірқатар аргументін жоққа шығарып, оның арандатуы мен айыптауына төтеп берген. 


Атышулы Федоров бұған дейін “Ресей ұланғайыр территорияны Қазақстанға сыйға тарта салды” деген пікір білдірген. Қазақстанның аталған аумақты Ресейден жалға алып отырғанын, күндердің-күні бұл территорияны Кремльге қайтаруы керектігін айтқан.

Соның алдында тағы бір Дума депутаты Вячеслава Никонов “Қазақстанның теріскей өңірі Ресейге тиесілі” деп мәлімдеген.

“Қазақстан деген мемлекет жер бетінде болған емес. Солтүстік Қазақстан иен жатты. Қазақтар әрі кетсе оңтүстікті мекендеді. Ресей өз тарапынан мұншама көлемдегі территорияны Қазақстанға сыйға бере салды”, – деген еді ол.

Тікелей эфирде өткен дебатта қазақ подполковнигі Федоровқа қарымта қайтарып, Ресейге өтіп кеткен қазақ жері туралы сөз қозғаған.

“Сіздерде Орынбор, Омбы, Түмен, Астрахан, Томбы секілді қалалар бар. Бұған Алтай аймағы, Орал атырабын қосыңыз. Осы арада сізге ұнамайтын шындықты айтайын. Мұның бәрі бір уақытта қазақ халқының қарамағында болды, қазақ халқына тиесілі еді.

Біз бұл мәселені ашық көтергіміз жоқ. Президентіміз халыққа басу айтып, аталған тақырыпты талқыламауды сұрағаннан кейін жылы жаба салдық.


Қазақcтанда орыстың жері жоқ! Ресей бізге ештеңені сыйға тартқан емес, керісінше КСРО құлағаннан кейін тарихи тұрғыдан Қазақстанға тиесілі ұланғайыр аумақ Ресейдің құрамына өтіп кетті.



Кім-кімге сый жасағанын мына біз жақсы білеміз…”, – деген болатын Мұрат Мұхамеджанов.

https://dalanews.kz/bas-takyryp/58880-orynbor-omby-bizding-zher-qazaq-askeri

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар