Атыраулық хакерге халықаралық іздеу жарияланды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өңірдің Полиция департаменті бұл ақпаратты растаған. Ер адам алаяқтық дерегі бойынша іздестіріліп жатыр.
Мәліметке сәйкес ол шетелде жүр.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Атырау облысында жоғалған отбасыға қатысты түрлі мәлімет тарап, қоғам назарын аударды. Әсіресе, желі қолданушылары Hacker Atyrau парақшасында жарияланған ақпаратты қызу талқылады.
Парақша авторы ашық база арқылы жоғалғандардың SIM карталарын бақылағанын, банк картасымен жасалған төлемдерді анықтағанын айтты. Ол осы отбасы жоғалғаннан кейін бірінің SIM картасы мезгіл-мезгіл қолданылып отырғанын да мәлімдеді. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бірінің банк картасынан қараша және желтоқсанда зейнетақы төлемдері алынғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Ақпаратты таратқан адамның өзі мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек "ашық деректерді, SIM карталарды және байланыс операторларынан алынған мәліметтерді" пайдаланғанын айтты.
