Атырауда қаруы бар сарбаз әскери бөлімнен қашып кеткен

Сағыныш Сардарова 08 мам. 2024 19:07 4118

Атырауда қаруы бар сарбаз әскери бөлімнен қашып кеткен, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары 8 мамырға қараған түні сарбаз қару-жарақ, оқ-дәрілермен әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлады. Әскери бөлімде оны ұстауға тырысқанымен, сарбаз оқ жаудырды деген де ақпараттар тарады. Әлеуметтік желілерде де әскери бөлімнен қашып кеткен сарбаз туралы мәлімет тараған болатын. 41433 әскери бөлімінің сарбазы автомат пен 60 оқ алып, кетіп қалғаны айтылды. 

Оқиға 8 мамырда Атырау гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде болған.

"2024 жылғы 8 мамырда Атырау гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметтегі әскери қызметші бекітілген қарумен қысқа мерзімге өз бетінше шығып кеткені туралы дерек тіркелді", - деді Атырау гарнизонының баспасөз қызметі өкілдері.

Қазір әскери қызметші бөлім орналасқан жерде, зардап шеккендер жоқ. 

Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі де болған оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"Қызмет орнынан қарумен кету дерегі бойынша мерзімді әскери қызметшіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді", - деп жазылған хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар