Атырауда полиция қызметкері алаяқтық ісі бойынша сотталды

Қаракөз Амантай 17 ақп. 2025 14:14 1009

Атырауда полиция қызметкері алаяқтық ісі бойынша сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.        

Атырау қаласындағы №2 сотта қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасағаны үшін айыпталған полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Полицейге ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен айып тағылған.

"Атырау қалалық полиция бөлімінің қызметері басқа лауазымды тұлғаның өндірісіндегі қылмыстық істі тоқтату үшін күдіктінің ағасынан 300 мың теңге алған. Айыпталушының кінәсі әңгімелесу жазбаларымен, жәбірленуші және куәлардың жауаптарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сот-фонографиялық, психологиялық-филологиялық сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Прокурор сотталушыға мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, полиция лейтенанты шенінен айыруды сұрады. Алайда, сотталушы мен оның адвокаттары айыппен келіспей, ақтауды сұрады.

Сотталушының кәмелетке толмаған балаларының бары жаза мен жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде, ал қабылдаған антын бұзуы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар