Атырауда тұрғын үйлердің бірінен ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәліметке сәйкес, марқұмның денесі пәтерде шамамен үш апта бойы жатқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақжайық ұсынған мәліметке сәйкес, оқиға Береке шағынауданындағы №24 үйде болған. Көршілердің сөзінше, біраз уақыттан бері подъезге өткір жағымсыз иіс тараған және ол әлі күнге дейін толық жойылмаған.
"Иіс бүкіл подъезге сіңіп кеткен. Өзіміз қаражат шығарып, тазалық қызметкерлерін шақырдық. Хлор мен түрлі тазартқыш құралдарды қолдандық, бірақ нәтиже мардымсыз. Бұл істі кәсіби мамандар атқаруы керек", — дейді үй тұрғындарының бірі Ақжайық агенттігіне.
Марқұмның өмір жолы мен жағдайы да белгілі болды. Отбасы таныстарының айтуынша, ер адам бала кезінен жетімдер үйінде тәрбиеленген. Оның екі әпкесі бар: бірі ауданда, екіншісі Атырау қаласында тұрады. Мемлекеттік бағдарлама аясында баспана алған соң, ол жеке өзі өмір сүргенімен, туыстарымен байланысын үзбеген. Алайда соңғы уақытта оны ешкім көрмеген, жақындары оны басқа қалада жұмыс істеп жүр деп ойлаған.
Сонымен қатар марқұмның екінші топтағы мүгедек екені айтылып отыр. Денсаулығына байланысты тұрақты жұмыспен қамтылу қиын болғанымен, өз бетінше тіршілік етіп, өмірін жақсартуға талпынған. Үйленбеген, мінезі ашық әрі жаны жұмсақ адам болған.
"Әпкесі оны іздей бастағанда ғана қайғылы жағдайдың беті ашылды. Сол кезде туыстары дереу әрекет етті. Өкінішке қарай, ұзақ уақыт бойы бұл жайт ешкімге белгісіз қалған", — дейді марқұмның таныстары.
Құзырлы органдар әзірге өлімнің нақты себебін жариялаған жоқ. Ал тұрғындардың айтуынша, пәтер мен подъезге толық санитарлық өңдеу жүргізу мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппаған.
