Атырау облысындағы ауылдан бір отбасының жоғалып кетуі бірнеше айдан бері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып келеді. Жаңа мәліметтерге сәйкес, қайын атасы мен қайын енесін өлтірді деген күдікке ілінген ер адамның кәмелетке толмаған бес баласы уақытша мемлекет қорғауына алынған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Атырау облыстық білім басқармасының хабарлауынша, 2 ақпанда полициядан әкімдікке шұғыл шара қабылдау жөнінде хат түскен. Онда күдіктінің бес баласын уақытша қауіпсіз жерге орналастыру қажет екені көрсетілген.
Ведомство мәліметінше, Махамбет ауданының кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссиясы үш баланы Атырау облысы білім басқармасына қарасты кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырған. Ал жасы 1 және 3-тегі екі сәби мамандандырылған Сәбилер үйіне жіберілген.
Басқарманың баспасөз қызметі балалардың жағдайы тұрақты бақылауда екенін, олардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіліп жатқанын атап өтті.
