Белгілі журналист Жанат Молдашова әлеуметтік желідегі парақшасында Атырау облысында болған қайғылы оқиғаға қатысты жаңа видеоны жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қаралы отбасы мына жауыздықтан естерін жия алмай жатыр. Жангелдин халқы үрейде отыр. Ағайын-туыс қаскөй қылмыскерді тезірек құрықтауды талап етеді. "Марқұмдар сарайдан қалай табылды? Оған дейін тінту жүргізілді ғой" деген сұрақпен мыңдаған адам мазалады. Оқиға басталғалы басы-қасында жүрген, марқұм Мақсот ағамыздың інісі Шалқар біраз сауалдарыма жауап берді. Өте ауыр жағдай. Бірақ қоғамның трагедиясы болғандықтан айтылуы, жазылуы керек. Қазалы отбасының туыстарына қандай жұбату сөз айтарыңды да білмейсің?!" – деп жазды Жанат Молдашова.
Кейінірек желіде журналист Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиевпен жүргізген сұхбаты да жарық көрді. Онда ол істің мән-жайына қатысты тың деректермен бөліскен.
"Нәсіп жеңгеміздің ағайын-туыстарының чаттарына жіберген аудиосы бар. Сол аудио хабарламаларының бірін 7 қараша күні жіберген. Күдік тудырмас үшін... Қалай болғанда да, біреу жіберіп тұр... Қазіргі таңда телефонның бәрі Сұлтанда болды деп тұр ғой. Сол Сұлтан жіберіп тұрған шығар деп ойлап тұрмыз", – деді Шалқар Мұқанғалиев.
Еске салайық, Жангелдин ауылынан шыққан отбасы 2025 жылы жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен болатын. 6 қаңтарда Атырау облысында жоғалған отбасының екі мүшесінің - отағасы Мақсот Қарабалиннің және оның жұбайы Нәсіп Үтешқалиеваның мәйіттері табылғаны хабарланды. Кейінірек іс бойынша күдіктілердің жеке басы анықталды.
7 қаңтарда қылмысқа қаза тапқандардың күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті ретінде танылғаны белгілі болды. Ал 8 қаңтарда оның ресми түрде іздеуге жарияланғаны хабарланды.
