Атырау облысында су тасқынына қарсы бөгет салу кезінде адам сүйектері табылды

Сағыныш Сардарова 09 сәу. 2024 09:35 3033

Атырау облысы Махамбет ауданында су тасқынына қарсы бөгет тұрғызу кезінде адамның 12 бас сүйегі мен 26 дене сүйектері табылған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жергілікті atpress.kz мәліметінше, оқиға орнына келген құзыретті органдардың қызметкерлері бұл деректі ақпаратты есепке алу кітабына тіркеп, тергеуге дейінгі әрекеттерді бастаған. Алдағы уақытта табылған қалдықтар дәстүрге сәйкес қайта жерленеді.

"Ескі Сарайшықтағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде адам сүйектерін табу жаңалық емес. Ортағасырлық Сарайшықта үлкен зират бар екені белгілі. Археологиялық зерттеулер барысында, тіпті Ескі Сарайшық ауылының өзінде де әртүрлі жұмыстар барысында адам сүйектері жиі кездеседі.

Қазір су тасқынынан қорғау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр, мыңдаған адам Жайық жағасында бөгеттер салып жатыр және бұл жұмыстар барысында адам сүйектерінің кездесуі ғажап емес. Әдетте, мұндай ақпаратты алған кезде мамандар тиісті жұмыс жүргізеді, қалдықтарды зерттейді, содан кейін дәстүр бойынша жерлейді",- деді "Сарайшық Мұхтар Әбілсейіт" музей-қорығының директоры.

Айта кетейік, Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында 3 мыңға жуық үй су астында қалды.

Су тасқының салдарын жоюға 231 техника, 1198 жеке құрам, 18 бірлік жүзу құралдары, 19 бірлік мотопомпа жұмылдырылды.
 
Атырау облысы Құлсары қаласынан жалпы саны 33 641 адам көшірілді және 201 уақытша орналасу орындары дайындалды.

Жалпы саны 84 қоңырау түсіп, 173 адам құтқарылды, оның ішінде 15-і - бала. 248 мал басы және 27 үй жануары қауіпсіз орындарға көшірілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар