Атырау облысында оқушыны қызметтік көлікпен қағып кеткен полиция сотталды

Қаракөз Амантай 23 қаз. 2024 13:48 1533

Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзған полицияға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қызылқоға ауданы Полиция бөлімі патрульдік полиция тобының инспекторы әріптесімен бірге қызметтік автокөлікпен келе жатып, артына бір бала мінгестіріп алған мотоцикл жүргізушісін тоқтатқысы келген. Дыбыс белгісі арқылы тоқтауды талап еткен. Алайда жасы кәмелетке толмаған жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, қозғалысын жалғастырған", - деп хабарлады облыстық сот.

Сотталушы оны қудалап келе жатқанда, жасы кәмелетке толмаған бала жолы жоқ жерге шығып кетіп, мотоциклдің басқару жүйесін игере алмай, жерге құлаған.

Сол кезде инспектор қауіпсіздік шараларын қолданбай, Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, жасы кәмелетке толмағанды қағып кеткен, соның салдарынан ол оқиға орнында есін жимастан қаза болған.

Прокурор сотталушыны 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жәбірленуші өкілі заңға сай жаза қолдануды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындады.

Аталған қылмыс онша ауыр емес қылмыс, абайсызда жасалған әрекеттер санатына жатады және 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сотталушы ҚК-тің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырыла отырып, 2 жыл алты айға сотталды. Азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар