Атырау облысында бұрынғы әйелін ұрып-соққаны үшін бұрынғы аудан әкімі сотталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Атырау қаласының №2 сотында ауданның бұрынғы әкімі И.Р.-ға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды.
2023 жылғы 31 мамырда Атырау қаласындағы пәтерде И.Р. және оның әйелі У.А. арасында жанжал болғаны, жанжал кезінде И.Р. жәбірленушінің өзіне материалдық тәуелділігін пайдаланып, осы негізде жанжал шығарып, әйелі У.А-ны оң иығынан ұстап, есікті жауып, бөлмеге кіргізгені анықталды.
"Ешкімнің кедергі жасамайтынына көз жеткізіп, денсаулығына қасақана зиян келтіру мақсатында У.А.-ны еденге құлатқан және сол жақ санынан бірнеше рет тепкілеген, соның салдарынан жәбірленуші У.А. 5-ші омыртқасының сынуы түрінде орташа ауырлықтағы зақым алған", - деп жазылған мәліметте.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.
Қылмыс жасалған кезде қолданыста болған ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігі 3-тармағының санкциясы 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе түзеу жұмыстары түріндегі жазаны сол мөлшерде, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Бұл қылмыс заң бойынша орташа ауырлық дәрежесіне жатқызылады.
Сот үкімімен И.Р.-ға 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Жәбірленушінің 20 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, И.Р. жәбірленуші У.А-ның пайдасына 2 млн теңге моральдық зиянды өтейтін болды.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Мақат ауданы әкімі болған Ринат Ибрагимов 2 жыл 3 айдан кейін өз арызына сәйкес жұмыстан босатылды. Жергілікті басылым мәліметінше, экс-әкімнің жұмыстан кетуі бұрынғы отбасылық жағдайына байланысты ма, белгісіз.
Сонымен қатар, бұған дейін Ринат Ибргаимовтың бұрынғы жұбайы Ақмарал Үмбетқалиева әлеуметтік желде видеоүндеу жариялап, бұрынғы күйеуінен көрген зәбірін жіпке тізіп, балаларын өзінен заңсыз түрде тартып алғанын, бір жыл бойы көрсетпей қойғанын айтып, көмек сұраған еді.
Бұл видеомәлімдеме көпшілік арасында түрлі резонанс туғызды. Экс-жұбайының видеожазбасынан кейін Ринат Ибрагимов те әлеуметтік желідегі парақшасына видеомәлімдеме таратып, бұрынғы жұбайының сөзін теріске шығара отырып, БАҚ өкілдерін асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Артынша облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мән-жайды анықтау үшін қызметтік тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. 24 мамырда Мақат ауданының әкімі өз еркімен жұмыстан кетті.