Атырау облысындағы ортағасырлық Сарайшық қалашығы аумағында археологтар шамамен 250 жаңа артефакт тапты. Табылған жәдігерлердің арасында Алтын Орда дәуірінің ескерткіштерінен бұрын кездеспеген ерекше зат бар, деп хабарлайды Dalanews.kz «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының мамандары қазба жұмыстары барысында XIV ғасырдың басына жататын тұрғын үйлердің бөліктерін, цитадель мен керуен-сарайдың қалдықтарын анықтаған.
Музейдің бас инспекторы әрі археологы Айбек Тұрарұлының айтуынша, қор коллекциясы металл, шыны, сүйек және керамикадан жасалған бұйымдармен толыққан. Алайда табылған заттардың ішінде ғылыми қауымдастықтың ерекше қызығушылығын тудырған бір жәдігер бар.
«Ең ерекше олжа – XIV–XV ғасырларға жататын қола құлып. Бұған дейін мұндай бұйымдар Алтын Орда қалашықтарынан табылған емес», – деді археолог.
Сарайшық – Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі. Әртүрлі тарихи кезеңдерде бұл қала Алтын Орда, Ноғай Ордасы және Қазақ хандығының астанасы болған.
