Атырау облысында 605 миллион теңгеге салынған жаңа балабақша сүрілетін болды

Ақтоты Жапатова 19 мау. 2025 13:54

Атырау облысының Жылыой ауданында 2016 жылы 605 миллион теңгеге салынған 160 орындық «Балдәурен» балабақшасы апатты жағдайда деп танылып, сүрілетін болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz АқЖайық басылымына сілтеме жасап.

Шоқпартоғай ауылындағы жаңа балабақша пайдалануға берілген соң көп ұзамай-ақ қабырғаларында жарықтар пайда бола бастаған. Мердігер компания — «АтырауРемСтройМонтаж» ЖШС бірнеше мәрте жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен, іргетастың шөгуіне тосқауыл бола алмады. 2022 жылы ғимарат апатты деп танылып, толықтай жабылды.

Құрылысқа жұмсалған 605 миллион теңге — халыққа тиесілі қаражат. Бірақ балабақшаның қирауына нақты не себеп болғаны әлі күнге дейін анықталмаған. Ресми тергеу басталды ма, кінәлілер жауапқа тартылды ма — бұл туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Бейресми болжамдар бойынша, ғимараттың шөгуіне жер телімінің дұрыс таңдалмауы немесе қадалардың қағылмай қалуы себеп болуы мүмкін. Бірақ бұл – тек болжам. Ал ел қаржысы желге ұшып жатқанда, нақты қорытынды мен жауапты тұлғалар жайлы үнсіздік — бұл мәселені одан әрі күрделендіреді.

"Балабақша жабылғанына үш жыл болды. 20 бала Құлсарыдағы балабақшаларға ауыстырылды, мектеп жанынан 82 балаға арналған шағын топтар ашылды. Кейбір балалар үйінде отыр. Дегенмен сұраныс артып келеді, халық балабақшаның қайта ашылғанын қалайды", – деді аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың айтуынша, балабақша ғимараты аудандық білім бөлімінің балансында тұр. Техникалық сараптамадан кейін ғимаратты бұзу туралы түпкілікті шешім қабылданған.

Ал ауылда дәл сол "Теңізшевройл" ЖШС-нің қолдауымен жаңа балабақша салу жұмыстары басталыпты. Бұл жолы 280 орындық балабақша, келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Ал бұрынғы балабақшаға жұмсалған 605 миллион теңге желге ұшты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар