Атырау мұнай өңдеу зауыты Ресейге өте ме? ҚМГ басшысы нүктесін қойды

Көркем Алдабергенова 29 мам. 2025 11:00

"Қазмұнайгаз" басшысы Асхат Хасенов Атырау МӨЗ Ресей компаниясына сатылуы туралы қауесетке жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл сұраққа Хасенов Астанада өтіп жатқан форумның кулуарында жауап берді. 

"Қазіргі таңда Атырау мұнай өңдеу зауыты 100 пайыз “Қазмұнайгаздың” иелігінде. Кез келген ұсынысты қарастырамыз. Қазіргі таңда штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқпыз. Алдағы жоспар туралы айта алмаймын. Ол әрқашан өзгеріп отырады. Қазіргі таңда АМӨЗ-ге біз ғана иелік етеміз, біз ғана жұмыс істеп жатырмыз", - дейді Асхат Хасенов. 

Ал жуырда Энергетика министрлігі Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесін ресейлік «Татнефть» компаниясына сату мәселесі қарастырылып отырған жоқ деп мәлімдеді.

Айта кетейік, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов 2025 жылғы 17 наурызда Мәжіліс дәлізінде журналистерген сұқбатында АМӨЗ мен ПМӨЗ-ді жекешелендіру туралы ұсынысқа қатысты түсініктеме берді.

Ал кейінірек Қазмұнайгаз Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесін жекешелендіру мәселесіне қатысты түсініктеме берді.

ҚМГ мәліметінше, Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының үлесін жекешелендіру Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынысы болған.

"ҚМГ елімізде мұнай-газ химиясы саласын жан-жақты дамытып, барлық өндіріс тізбегін бірлесіп құру үшін серіктестермен ынтымақтастық орнатуға ашық компания екені белгілі. Осыған байланысты алыс және жақын шет елдердің түрлі компаниялары, соның ішінде «Татнефть» ЖАҚ қарастырылып отыр", - деп жазылған бұған дейінгі хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар