Атамекенді аялау – азаматтық парызымыз

Dalanews 19 қаң. 2022 12:05 762

Құрметті отандастар! Жыл басы еліміз үшін ауыр сынақтармен басталып, тарихта «Қасіретті қаңтар» деген ызғарлы атаумен қалары анық. Осындай ел басына күн туған шақта біздің күш-қуатымыз тек мызғымас бірлікте екендігін айқын сезіндік.

Тәуелсіздігімізге, тұтастығымызға қатер төнгенде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал шешімі мен қайрат-жігерінің арқасында лаңкестердің бүлікшілік іс-әрекеттеріне дер кезінде тосқауыл қоя білдік.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде елімізде орын алған қақтығыс салдарынан туындаған қиындықтарды еңсеру жолдары мен  халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелерін және оларды шешудің бағыт-бағдарын айқындап берді. Ел экономикасын әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, құқық қорғау жүйесін түбегейлі реформалау, қаржы нарығын реттеу және ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салалардың тиімділігін арттыру бойынша  Мемлекет басшысы көтерген            мәсе­­ле­­лер­дің барлығы – халықтың  көкіре­гінде жүр­ген сауалдар.

Әсіресе, Мемлекет Басшысының «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорын құру туралы бастамасы көпшіліктің көңілінен шықты десек те болады. Бұл қор аз қамтылған, тұрмыс деңгейі төмен және сирек ауыратын балаларды өсіріп отырған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша нақты мәселелерді шешумен айналысатын болады. Ресми деректерге сәйкес, бүгінгі күннің өзінде қорға 13 млрд. теңгеге жуық қаражат жиналып,тиісті жұмыстар басталып та кетті.   

Сонымен қатар, Президентіміздің «Самұрық-Қазына» қорының қызметін толығымен трансформациялау жөніндегі тапсырмасы пысықталуда. Атап айтқанда, ең алдымен, «Самұрық-Қазына» қорының тым көп басқару құрылымдарын қысқарту, мемлекет пен халық мүддесіне бағытталған табыстарды арттыру үшін «Самұрық-Қазына» мен Үкімет арасындағы өзара қатынастардың сипатын өзгерту, ресурстарды ел игілігіне бағыттау, ұлттық компаниялардың сатып алу жүйелерінің ашықтығын қамтамасыз ету және қордың активтерін жекешелендіру істерін жандандыру бойынша бүгінде Үкімет нақты ұсыныстар мен жүзеге асырылатын шараларды әзірлеуде.

Сондай-ақ, елімізде утилизациялық алым жинау шаруасымен айналысып келген бірыңғай оператордың жұмысы тоқтатылды.

Ендігі уақытта утилизациялық алымды жинау шет елдер секілді мемлекет қарауына өтіп, отандық машина жасаушыларға қолдау көрсетіледі. Утилизациялық алымнан түскен қаржы қоғамға тиімді жаратылатын болады.

Одан бөлек, Мемлекет Басшысы жақында Алматы қаласына сапармен барып, ондағы зардап шеккен нысандарды жедел әрі бұрынғыдан да әдемі етіп жөндеуді 8 айда аяқтауды тапсырды.

Қазіргі таңда қираған ғимараттарды жөндеу жұмыстары қолға алынып, қарқынды жүргізілуде.

Жалпы, бүкіл елде қаңтар оқиғасынан кейінгі тазалау, ретке келтіру жұмыстары екпінмен іске асырылуда. 

«Отан – біздің ең үлкен анамыз. Әркім Отанына көрсеткен қызметіне жылу дәметпеуі тиіс. Ол – оның азаматтық борышы» - деп, белгілі жазушы Мұхтар Шаханов айтқандай  өз еліміздің  азаматы және патриоты болу бәріміздің міндетіміз.

Қазақстан – біздің ортақ еліміз! Сондықтан да Елімізге аянбай еңбек етіп, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғаудың қажеттілігін бірде-бір сәт естен шығармауымыз қажет.

«Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» - деп, дана бабаларымыз айтқандай, жерімізден құт-береке қашпай, тәуелсіз Қазақстанның аспаны мәңгі бейбіт болуы үшін бірлігімізді мығымдап, еліміздің дамуына бар күш-жігерімізді салайық!

Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болып, Тәуелсіз еліміз гүлдене берсін!

Қайрат БАЛАБИЕВ,
Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар