Атамбаев ісі: Прокурорлар экс-президентті 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Көркем Алдабергенова 14 сәу. 2025 18:01 622

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевқа қатысты Қой-Таштағы оқиғалар бойынша өтіп жатқан сотта тараптардың жарыссөздері аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Прокурорлар бірнеше сағат бойы айыптау актісін оқып, Атамбаевқа 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Дәл осындай жаза Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) Тоғызыншы қызметінің бұрынғы қызметкері Канат Сағымбаевқа да талап етілді.

Бұдан бөлек, Равшан Жээнбеков, Фарида Ниязова және Фархат Баабиевті 10 жылға соттау ұсынылған.

Қорғаушы Айбек Турдуевтің айтуынша, Асель Кодуронова, Ирина Карамушкина және Кундуз Жолдубаеваға қатысты мерзімі көрсетілмеген пробациялық бақылау қолдану ұсынылып отыр.

Сот отырысы ертең жалғасады.

Қой-Таш оқиғасы: қысқаша шолу

2019 жылғы 7 тамызда Қырғызстанның арнайы жасағы Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясын күштеп алуға тырысты. Келесі күні ІІМ мен ҰҚМК бірлесіп екінші арнайы операция өткізіп, экс-президентті ұстап әкеткен.

Оқиға кезінде Атамбаевтың жақтастары күштік құрылымдарға тас лақтырып, қоқыс пен автодөңгелектерді өрттеген. Қақтығыс екі күнге созылып, 136 адам жараланып, бір арнайы жасақ қызметкері оқтан қаза тапты.

Экс-президентке бірқатар қылмыстық іс бойынша айып тағылған:

2019 жылғы Қой-Таштағы жаппай тәртіпсіздікке қатысу

Жемқорлық

Қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру

Сондай-ақ оған:

Түркия азаматтарына заңсыз паспорт беру

2020 жылғы қазандағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру істері бойынша да айып тағылған.

Алайда соңғы екі іс бойынша Атамбаев ақталған.

Қой-Таш оқиғасына қатысты материалдар жер телімдері мен ЖЭО-ға көмір жеткізу істерімен біріктірілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар