– Шыны керек, өзіңіз туралы жағымсыз ақпараттар көп тарайды. Бірақ ешбіріне қарсы уәж айтпайсыз. Бұны қалай түсінуге болады? Үнсіздік келіскеннің белгісі ме, әлде ақымақпен ақымақ болудан қорқасыз ба?
– Біріншіден, ақымақпен ақымақ болғым келмейді, екіншіден, мен ешқашан ешкімнің алдында ақталмаймын. Менің атымнан кім не айтса да ол өздерінің еріктері. Мен біреу жаман айтты деп жаман немесе жақсы айтты деп жақсы болып қалмаймын. Мен қандай бармын, сондай болып қала беремін, ешкімнің алдында есеп бермеймін. Тек Алланың алдында есеп беремін, негізі Алланың алдында бәріміз есеп береміз. Менің қандай адам екенімді жанымда жүргендер жақсы біледі. Қандай дос екенімді достарым біледі. Қандай бауыр екенімді бауырларым біледі.
Қандай әке екенімді ұлдарым біледі. Ал дұшпандарым не біледі, не айтады де ойлайсыз? Біреуді жаман дегеннің өзі жаман, біреуді жақсы дегеннің өзі жақсы. Ал жағымсыз пікірлерге қазір көңіл бөлмеймін. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен туралы жаман сөз айтылса, жүрегім ауырып, қиналатынмын. Қазір шынымды айтсам, етімнің үйренгені сонша, былқ етпейтін де болдым. Не жазылатындарын, әрине, білемін, бірақ көңілге алмаймын. Біреулер айтса сенбес едім, қалай өзі туралы айтса мән бермейді деп. Шын мәнінде адам піседі екен. Мен қазір пісіппін, сосын мән бермеймін.
– Осы орайда сіз туралы жалған ақпарат таратып отырған журналистерге өкпеңіз бар шығар?
– Мен оларды журналист деп санамаймын. Сондықтан оларға ренжімеймін, ол журналистика емес. Ол – сары басылым. Олар мен туралы өсек жазып нан тауып жеп отырса, бала-шағаларын бағып отырса бақытты болсын! Басқа не деймін?! Басқа ештеңе қолдарынан келмесе, сараптама жаза алмаса, пайдалы дүние жасай алмаса, не істейсің? Ал, жала жауып, өсек ойлап тауып таратқыштарды енді заңмен қудалаймын. Өйткені әрнәрсенің шегі болады. Кім болса, ол болсын іздеп табамын, қажет болса, арыз да жазамын.